+7 (727) 267-28-83

Қаражігітов

Өнер бөлімінің оқу залында Қазақстанның халық әртісі,  опера әншісі, ұстаз, профессор Нариман Қаражігітовтың туғанына 90 жыл толуына орай «Өзіндік ізі бар талант» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.

Қаражігітов Нариман Нұрмұхамедұлы 1934 жылы 20 мамырда Батыс Қазақстан облысының, Самара ауылында дүниеге келген. Бала кезінен өнерге, әнге деген құштарлығы күшті болған. 1958 жылы Алматы мемлекеттік консерваториясының «Жеке ән салу» бөліміне аты аңызға айналған әнші Бекен Жылысбаевтың сыныбына түсті. 1965 жылы консерваторияны бітіргеннен кейін Абай атындағы опера және балет театрына солист болып қабылданды. Нариман Қаражігітовтың қызметі Қазақстан композиторларының шығармашылығымен тығыз байланысты. Ұзақ жылдар бойы ұлттық опера спектакльдеріндегі барлық орталық лиро-драмалық рөлдердің басты орындаушысы болды.

Отыз жылдан астам А.Жұбанов пен Л.Хамидидің «Абай» операсында Айдар; С.Мұхамеджановтың «Ақансері - Ақтоқты» операсындағы Ақан; М.Төлебаевтың «Біржан-Сара» операсындағы Біржан; Ғ.Жұбановтың «Еңлік – Кебек» операсындағы Кебек; Н.Г. Жигановтың «Алтыншаш» операсындағы Жека; А.П. Бородиннің «Князь Игорь» операсындағы Князь Владимир; В.Моцарттың «Дон Джованни» операсындағы Дон Оттавио және т.б. рөлдерін сомдады.

Әншінің дауысы диапазонының кеңдігімен, мәнерлілігімен, тембрінің әдемілігімен, батыл күшімен ерекшеленді. Бұл нағыз опера кейіпкерінің дауысы. Гастрольдік сапармен Канада (1967), Үндістан (1969), Финляндия (1971), Польша (1975), Сирия (1981), Куба (1983) және басқа да көптеген елдерге барды.

Н.Қаражігітов «Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген әртісі» (1967), «Қазақ КСР-нің халық әртісі» (1976) құрметті атақтарымен, ҚР «Парасат» орденімен (2014), медальдармен марапатталған.

Нариман Қаражігітов өмірінің көп жылын Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының халық музыкасы факультетінде ұстаздық қызметке арнады. Оның түлектері арасында Қазақстанның халық әртісі Ғафиз Есімов, ҚР еңбек сіңірген әртісі Бақытжан Ысқақов, «Дос-Мұқасан» ансамблінің солисі Мұрат Құсайынов, т.б.  талантты тұлғалар мен әншілер баршылық. Соңғы жылдары Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің профессоры болды.

Көрменің мақсаты – оқырмандарды әншінің өмірі мен шығармашылық жолымен таныстыру, өнерге деген қызығушылықтарын арттыру.

Кітап көрмесіне ҚР Ұлттық кітапхана  қорынан Нариман Қаражігітовтың өмір жолын ашатын кітаптар ұсынылған: П. Момынұлы «Қазақ музыкасының қысқаша тарихы»; А.Мұқан «Қазақ опера театры»; «Қазақтың мемлекеттік Абай атындағы академиялық опера және балет театры»; С. Кузембаев «Воспеть прекрасное» және басқалар. Сондай-ақ, мерзімді басылымдардағы мақалалар, әншінің орындауындағы күйтабақтарға жазылған әндері оқырмандарға ұсынылады.

Сіздерді кітап көрмесіне шақырамыз!