+7 (727) 267-28-83

Нурпеисов глМерзімді басылымдар қызметінің оқу залында Қазақстанның халық жазушысы, публицист, аудармашы және қоғам қайраткері Әбдіжәміл Кәрімұлы Нұрпейісовтің туғанына 100 жыл толуына орай «Ғибратты ғұмыр» көрмеcі ұйымдастырылды.    

Ә. Нұрпейісов  1924 жылғы 22 қазанда Қызылорда облысының Арал ауданында дүниеге келген.  Мектептен тіке майданға аттанды. 1943 жылдан КОКП мүшесі. 1956 жылы М.А. Горький атындағы Әдебиет институтын бітірген. 1962-1964 жылдары «Жұлдыз» журналының бас редакторы қызметін атқарып, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі X-шы шақырылымына депутат болып сайланды.  Қазақстанның Халық жазушысы (1985 ж.).

Ә. Нұрпейісовтің «Курляндия» атты тұңғыш романы 1947 жылы жарық көріп, республикалық Жамбыл атындағы сыйлықтың лауреаты атанды. Одан кейінгі жылдары: «Күткен күн»(1957), «Толғау»(1974),  «Парыз» (1983), «Қасиетіңді қадірле» (1996), «Соңғы парыз» (1999) атты романдары жарық көрді. Ә. Нұрпейісов аудармашы ретінде де танымал,  А.П. Чеховтың, М. Горькийдің бірқатар әңгімелерін, Кэссонның, Н. Хикметтің пьессаларын және т.б. қазақ тіліне аударған.

Жазушы 1958-1970 жылдары, 1974 жылы КСРО Мемлекеттік сыйлығына ие болған «Қан мен тер»  тарихи-революциялық трилогиясын жазу үстінде болды. Трилогия тек Қазақ әдебиетінің ғана емес, КСРО халықтары және көптеген шет елдердің тілдеріне аударылған айтулы құбылыс болды. Француздар, арабтар, немістер, чехтар, румындар, түріктер, ағылшындар, испандар өз тілдерінде оқыды. Трилогия 1973 жылы қазақ драма театрының сахнасында қойылды.  1978 жылы «Қазақфильм» осы туындының негізінде, осыған аттас фильм түсірді.

Ә. Нұрпейісовтің негізгі шығармаларын талқылай келе, Франция, Германия, Бельгия, Испания, Болгария, Словакия, Қытай жазушылары мен сыншылары  бірауыздан екеніне тоқталды.  «Қан мен тер» трилогиясы мен  «Соңғы парыз» дилогиясының авторы – әлемдік әдебиеттегі ірі суреткер, шебер, елеулі құбылыс, олар оның «сүйкімді экзотизмі», «лиризмі, морольдық дидактикасы», «психологиялық күші», « шығармашылық стилі ерекше», «дарынды әңгімелеуші мен талантты ақын және пәлсапашы» деп атап өтті.

Ә. Нұрпейісов шығармаларының библиографиясы өте ауқымды, ол туралы әр жылдары: Ш. Айтматов, М. Кәрім, С. Баруздин, З. Кедрина, М. Қаратаев, Ш. Елеукенов, Ә. Кекілбаев және т. б. жазды.

Әлемдік кітапхананың  200 томдығын, соның ішінде осы сериядағы Мұхтар Әуезовтің екі томдық шығармасына егжей-тегжейлі алғысөзді дайындауға және басып шығаруға белсенді қатысқаны үшін РСФСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталды.

Әскери және шығармашылық еңбегі үшін Ә. Нұрпейісов «Отан», «Қызыл Жұлдыз», «Еңбек Қызыл Ту», «Халықтар достығы», «Құрмет белгісі» ордендерімен марапатталған. КСРО және Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты. Алматы қаласы мен Қызылорда облысының құрметті азаматы.

Көрмеге ҚР Ұлттық кітапханасының  қорынан автордың мақалалары, қоғам қайраткерлері, замандастары мен достарының мерзімді басылым беттеріне жарияланған естеліктері, материалдары қойылған.

Барлықтарыңызды көрмеге шақырамыз!