Әлем әдебиеті залында көрнекті жапон жазушысы, драматург, сценарист, соғыстан кейінгі жапон авангардизмнің жетекшілерінің бірі Кобо Абэнің туғанына 100 жыл толуына орай «ХХ ғасырдың жапон классигі – Кобо Абэ» тақырыбында кітап көрмесі ұйымдастырылды.
Кобо Абэ, шын есімі – Абэ Кимифуса (07.03.1924 - 22.01.1993). Оның балалық және жастық шағы Маньчжурияда өтті. 1943 жылы Кобо Токиоға барып, Токио императорлық университетінің медициналық факультетіне оқуға түсті, дегенмен мамандығы бойынша бір күн де жұмыс істемеген. Бірақ беделді жоғарғы оқу орнында жаратылыстану бағыты бойынша алған білімі оның шығармашылығына көмектесті.
Кобо Абэ Күншығыс елінің әдебиетіне етене енді. 1948 жылы өзінің «Дорожный знак в конце улицы» және «Анонимные стихи» атты алғашқы әңгімелерін жариялады. Ол «Женщина в песках» (1962), «Чужое лицо» (1964), «Человек-ящик» (1973) метафоралық романдары арқылы танымал болды. ХХ ғасырдың екінші жартысында автордың шығармалары оқырманға Күншығыс елінің әдебиетінің өзіндік қырын ашты. Оның шығармалары интеллектуалдық прозаның білгірлеріне арналған және адамның әлемдегі болмысы, болмыстың мәнін іздеу мен өзін-өзі түсіну туралы философиялық мәселелерді көтереді. Бұл романдар жарыққа шыққаннан кейін Кобо Абэнің есімі әлемге танымал ұлы жазушы ретінде айтыла бастады. 1951 жылы «Стена. Преступление S. Карума» повесі сыншылардың мойындауы мен мақтауына ие болып, «Рюноскэ Акутагава» марапатын алды. 1960 жылы жазушы «Женщина в песках» романы үшін «Йомиури» газетінің сыйлығына ие болды.
Кобо Абэ режиссер және драматург ретінде де танымал. 1962 жылы Кобо Абэнің жазған сценарийі бойынша «Западня» фильмі түсірілді (режиссері Тэсгихар). 1973 жылы «Абэ Кобо студиясы» жеке театры жұмыс істей бастады. Ол өзінің «АБЭ студиясында» пьесалар қойды. Оның жетекшілігімен театр ұжымы 1980 жылы АҚШ-та болды. «АБЭ студиясы» өзінің жаңашыл тәсілімен танымал болды, ал олардың гастрольдік пьесалары көпшіліктің наразылығын тудырды. Театр 1980 жылдарға дейін жұмыс істеді. Жазушының ой-өрісі тек әдебиет пен театрмен ғана шектелген жоқ: ол фотосуретке, классикалық музыкаға, тіпті компьютерге де қызығушылық танытып, аппараттық мәтіндік процессормен шығармаларды терген алғашқы жазушылардың бірі болды. Бір қызығы, Кобо Абэ синтезаторда ойнай алған және өз театрына музыка да жазған.
Жазушының библиографиясы 1977 жылы жарық көрген «Тайное свидание», «Вошедшие в ковчег» романдарымен аяқталады. Жапон классигі небәрі он шақты шығарма жазған, бірақ олардың көпшілігі әлем әдебиетінің қазынасына енді.
1992 жылы Кобо Абэ әдебиет саласы бойынша Нобель сыйлығына үміткер болды, бірақ 1993 жылы оның өмірден өтуіне байланысты бұл сыйлық берілмеді. Қазір Жапонияда Кобо Абэ элиталық жазушы болып саналады. Абэ қазіргі жапон жазушылары арасында «еуропалық» жазушы болып саналады. Оның шығармашылығы, бір жағынан, Жапония әлемінің иерографиялық үлгісіне, оның күрделілігі мен символизміне негізделсе, екінші жағынан, батыс философиясы мен мәдениетінің мұраларынан орын алады.
Көрмеге ҚР Ұлттық кітапханасы қорынан қазақ, орыс, неміс тілдеріндегі К.Абэнің шығармалары мен ол туралы кітаптар қойылды.
Барлық келушілерді кітап көрмесін тамашалауға шақырамыз!