+7 (727) 267-28-83

газет90 гл5 наурызда Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасында республикалық «Қазақ әдебиеті» газетінің 90 жылдығына арналған «Ұлттың әдеби айнасы» атты мерекелік іс-шара ұйымдастырылды.

Іс-шараның мақсаты – «Қазақ әдебиеті» газетінің мерейтойын атап өту, тарихы мен бүгінгі даму үрдісін саралау, ұлттық әдебиеттің дамуына қосқан үлесін, оқырман мен газет арасындағы байланысты талқылау.

Іс-шара аясында республикалық «Қазақ әдебиеті» газетінің 1934 жылдан бастап, әр жылдары жарық көрген сандарынан 3 бөлімнен (1934-1940, 1955-1990, 1991-2024) тұратын көрме ұйымдастырылды.

Кітапхананың жас мамандары Ертай Біләл, Сымбат Әбдірәлі және Қанат Алтынбек көрмеге шолу жасап, қатысушыларға таныстырды.

Сонымен қатар, белгілі фототілші Сайлау Пернебайдың фото-топтамасынан ақын-жазушылар мен белгілі тұлғалар бейнеленген фото көрме ұйымдастырылды.

Мерекелік іс-шара «Қазақ» әдебиеті» газетінің бұрынғы ардагер-редакторлары мен ақын-жазушылардың қызыл кілем үстінде салтанатты шеруімен басталып, кітапхана директоры Бақытжамал Қайырбекқызы Оспанованың құттықтау сөзімен ашылды.

Іс-шараны модератор – Қазақстан Жазушылар одағының төрағасының орынбасары, жазушы Нұржан Қуантайұлы жүргізді.

Дөңгелек үстел алдында газеттің тарихы мен бүгініне арналған бейне-ролик көрсетіліп, кітапхананың жас мамандары газет бетінде жарияланған өлеңдерден үзінділер оқыды.

Шараға Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Мереке Құлкенов, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы төрағасының орынбасары Бауыржан Жақып, Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасының басшысы Айдар Есенбеков, ақын жазушылар: Ұлықбек Есдәулет, Жүсіпбек Қорғасбек, Дәурен Қуат, Нұрдәулет Ақыш, Иран-Ғайып, Болат Шарахымбай, Қайыммұнар Тәбеев, Баян Бекетова, Сәуле Досжанова, сыншы Әлия Бөпежанова қатысып, сөз сөйледі.

Әншілер Нұржан Жанпейісов пен Сағат Әлдекенов, күйші Саян Ақмолда өнер көрсетті.

газет90 1   газет90 4   газет90 3   газет90 2
газет90 5   газет90 6   газет90 7   газет90 8