+7 (727) 267-28-83

жандосов гл

«Қазақстан кітаптары» қызметінің О.Жандосов атындағы оқу залында көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, публицист, ҚР Ұлттық кітапханасының тұңғыш директоры Ораз Жандосовтың  125 жылдығына арналған "Ұлтым деп өткен қайраткер" атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.

Ораз Қиқымұлы Жандосов 1899 жылы 20 ақпанда Жетісу облысы Шамалған болысының №7 ауылында (қазіргі Алматы облысы Қаскелең ауданы) дүниеге келген. 1908-1918 жж. Верный ерлер гимназиясында оқыды. Қазақстанда Кеңес билігінің қалыптасуы мен нығаюына белсенді қатысты.

1918-1922 жж. –  Верный уездік-қалалық кеңесінің нұсқаушысы, Жетісу облысындағы Ұлттық істер бөлімінің меңгерушісі, РКП (б) мұсылман ұйымының уақытша Жетісу бюросында төраға, 1922-1923 жж. – Түркістан коммунистік партиясы Орталық Комитетінің үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі, 1923-1924 жж. – К. А. Тимирязев атындағы Мәскеу ауылшаруашылық академиясының студенті, 1924-1928 жж. – БКП (б) Қазрайкомының үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі, ауылдағы әлеуметтік-экономикалық қатынастарды зерттеу экспедициясының жетекшісі, 1927-1929 жж. – ҚазКСР Халық ағарту комиссары, Қазақстанды зерделеу жөніндегі қоғамы орталық басқармасының төрағасы. 1931-1933 жж. – ҚазКСР Мемлекеттік көпшілік кітапханасының тұңғыш директоры.

Ораз Жандосов тек мемлекет және қоғам қайраткері емес, сондай-ақ көрнекті шешен және публицист, Қазақстан мен Түркістанның әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси өмірінің мәселелерін байыпты зерттеуші, аграрлық-шаруа және ұлттық мәселелердің білгірі ретінде  танылды.

1937 жылы 30 шілдеде Ораз Жандосов антикеңестік қызмет жасады деген айыппен қамауға алынды. КСРО Жоғарғы Соты Әскери алқасының Үкімімен 1938 жылы 3 наурызда ату жазасына кесілді. КСРО Жоғарғы Соты Әскери алқасының 1957 жылғы 8 маусымдағы ұйғарымымен ол қайтыс болғаннан кейін ақталды.

2020 жылы ҚР Ұлттық кітапханасының 110 жылдығы қарсаңында "Қазақстан кітаптары" қызметінің оқу залына көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Ораз Жандосовтың есімі берілді.

О. Жандосовтың құрметіне Алматы қаласында оның ескерткіші орнатылған көшеге, Алматы қаласындағы және облыс орталықтарындағы бірқатар мектептер мен гимназияларға есімі берілді.

Кітап көрмесі үш бөлімнен тұрады. «Қайреткерлік ұстанымдарының қалыптасуы»  атты бірінші бөлімі О. Жандосованың өмірі мен қызметі туралы энциклопедияларды, библиографиялық мақалалар және ол туралы әдебиеттерді қамтыды.

 «Кітапхана іргетасын қалаған тұлға» атты екінші бөлімде мемлекет және қоғам қайраткерінің қызметіне қатысты «Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының тарихы» (2011), «О.Қ.Жандосов атындағы және 1918-1938 жылдардағы Қазақстанның әлеуметтік-мәдени даму ерекшеліктері» (2010),  «Ұлттық кітапхана. –  2009. –  №1», мерзімді басылымдар және т. б. ұсынылған.

 «Шың мен шыңырау арасында» атты үшінші бөлімінде: «Культурное строительство в Казахстане» (1918-1932 жж.), (1965), «Борцы за Советскую власть в Казахстане» (1982), «Победа марксистско-ленинской идеологии в Казахстане» (1970), «Ураз Джандосов» (1999), «Легендарный Ораз» (1999), Г.Нұрымбетова "Ораз Жандосов: Қоғамдық-саяси қызметі" (1990) және т.б. сияқты О. Жандосовтың ғылыми мұрасы және ол туралы естеліктер ұсынылған.

Кітап көрмесінің мақсаты – мемлекет және қоғам қайраткері О. Жандосовты еске алу және еңбектерін насихаттау, оқырмандардың назарын тарихи тұлғаға аудару.

Кітап көрмесіне шақырамыз!