2024 жылғы 25 қаңтардан бастап, ҚР Ұлттық кітапханасының Н. Дәулетова атындағы залында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Егемен Қазақстан» газетіне берген «Біз озық ойлы ұлт ретінде тек қана алға қарауымыз керек» атты сұхбаты аясында кітап көрмесі ұйымдастырылды.
Мемлекет Басшысы өз сұхбатында ел тарихында ерекше орны бар тұлғаларға құрмет көрсету дәстүрі еліміздің жалпыұлттық бірегейлігін нығайта түсуге зор септігін тигізетінін атап өткен. Үстіміздегі жылы Қаныш Сәтбаевтың туғанына 125 жыл, Рахымжан Қошқарбаев пен Сағадат Нұрмағамбетовтың туғанына 100 жыл, сондай-ақ Жошы ұлысының іргесі қаланғанына 800 жыл толады. Соған орай кітапханамызда арнайы кітап көрмелері ұйымдастырылды.
Кітап көрмесінің мақсаты – қазақ халқының біртуар тұлғаларының еңбегі мен мұраларын оқырмандар арасында кеңінен насихаттау.
Көрмеде Қаныш Сәтбаевтың ғылыми-зерттеу еңбектері және ол туралы жазылған кітаптар мен мақалалар, Рахымжан Қошқарбаев пен Сағадат Нұрмағамбетовтың ерліктерін баяндайтын естеліктер, кітаптар, Жошы ұлысының қалыптасуы мен дамуы туралы ғылыми тұрғыда жазылған тарихи кітаптар мен мақалалар ұсынылды.