2024 жылғы 30 қаңтарда Сирек кітаптар мен қолжазбалар қызметінің ұйымдастыруымен «Түркі халықтарының ортақ жазба мұралары», «Ғасыр әуені ізімен» және «Дала дауылпазы – Сәкен Сейфуллин» атты көрмесіне библиографиялық шолу жасалды.
Тақырыптық көрменің мақсаты – кітапхана қызметкерлеріне сирек қорда сақталған қолжазбалар мен сирек кітаптарды таныстыру.
Кітапханашы Нурмухамбетова Дәрия «Түркі халықтарының ортақ жазба мұралары» атты тақырыптық көрмені таныстырды. Мәселен, Қожа Ахмет Яссауидың XIX ғасырдың екінші жартысы мен XX ғасырдың басында Стамбул, Ташкент, Қазан қалаларын бірнеше рет басылған әйгілі туындысы – «Диуани хикмет» еңбегінің 1994, 1998, 1995, 2000, 2001, 2016 жылы шыққан басылымдары қойылса, Мұхамед Хайдар Дулатидың «Тарих-и-Рашиди» еңбегінің 2000, 2004, 2014, 2015 жылдары басылған кітаптары мен Сүлеймен Бақырғанидың «Хикмат Хазірет Сұлтан әл-Ғарифин» атты еңбегінің қазіргі қаріпке аударылып, транскрипцияланған еңбегі қызметкерлер назарына ұсынылды.
«Ғасыр әуені ізімен» атты тақырыптық көрмеде кітапханашы Мұратқызы Айгерім тұлғаның музыкалық шығармашылығына арналған еңбектерін оқырман назарына ұсына отырып, үлкен экранда презентацияда шолу жасады. 1925 жылы Орынбор қаласында шыққан «1000 песен киргизского народа», 1931 жылы Алматы қаласында басылған «500 казахских песен и кюйев», 1934 жылы қырғыз тілінде жарық көрген «250 киргизских инструментальных пьес и напевов», 1958 жылы Алматы қаласында шыққан Александр Затаевич туралы ғылыми-зерттеу кітабы және т.б. туындылары көрмеде таныстырылды. Көрме соңында А.В. Затаевичтің нотаға түсірген «Балқадиша» әнін М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғылыми қызметкері, қолжазбатанушы Елесбай Нұржұма шырқап берді.
«Дала дауылпазы – Сәкен Сейфуллин» атты көрмені кітапханашы Біләл Ертай Сәкен Сейфуллиннің «Көкшетау» өлеңімен ашты. XX ғасырдың алғашқы ширегінде жазылған араб, латын графикасындағы «Асау тұлпар» және «Домбыра» Қызылорда қаласында басылған «Тұрмыс толқынында» кітаптары, «Экспресс» поэмасы, «Жер қазғандар» әңгімесі мен «Ұйым және еңбек, шарт жалшылар қорғаны» әңгіме-жыры, Орал қаласында басылған «Көкше-тау» әңгіме-өлеңі, «Әл-батрос» дастаны «Айша» әңгімелер жинағы, Алматы қаласында басылған «Социалистан» поэмасы туындыларын көрмеге келген қызметкерлерге түсіндірді. Сондай-ақ С.Сейфулиннің «Тар жол тайғақ кешу» атты түпнұсқа романына ерекше тоқталып өтті.
Шолу барысында таныстырылған тақырыптық көрмелеріне қатысты сұрақ-жауап ойыны өткізілді. Кітапхана қызметкерлері белсенділік танытып, аса қызығушылықпен ойынға қатысты.
Көрме соңында Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының директоры Оспанова Бақытжамал Қайырбекқызы шараға келген қызметкерлер мен жас кітапханашыларға жылы лебізін білдірді.