+7 (727) 267-28-83

кастеев 125 гл

Диссертациялар бөлімінің С.Зиманов атындағы оқу залында көрнекті геолог, геология-минералогия ғылымдарының докторы, Қазақ КСР Ғылым академиясының тұңғыш президенті және академигі Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың туғанына 125 жыл толуына орай «Геология ғылымдарының дамуы» атты ғылыми жұмыстары көрмесі ұйымдастырылды.

Қаныш Имантайұлы Сәтбаев Шадра ауылында (қазіргі Павлодар облысы Баянауыл ауданы) дүниеге келген. 1926 жылы Томск технологиялық институтының тау-кен инженері факультетін бітірген. 1926-1941 жж. – «Атбасцвет-мет» тресі геология бөлімінің бастығы, Қарсақпай зауыты геологиялық барлау бөлімінің бастығы және бас геологы. 1941-1964 жылдары Қазақ КСР Геология ғылымдары институтының директоры, Қазақ КСР Ғылым академиясының президенті.           

Қ.Сәтбаевтың ғылыми еңбектері Қазақстанның кен орындары мен минералдық ресурстарының геологиясын зерттеуге арналған. Қазақстандағы металлогения мектебінің негізін салушы. Ғылыми мұрада Жезқазған кен орнын зерттеуге арналған еңбектері аса құнды. Орталық Қазақстанның болжамдық-металлогендік картасын құрастырды. Қ.Сәтбаевтың есімі Жезқазғандағы тау-кен металлургия комбинатының, Қарағанды ​​мен Балқаштағы металлургиялық комбинаттардың салынуымен, Қазақ КСР Геология және жер қойнауын қорғау министрлігінің құрылуымен байланысты.        

Ғылыми еңбектері үшін Қ.Сәтбаев Сталиндік және Лениндік сыйлықтардың иегері атанды. Алғашқы басылымдар 1927 жылы шықты.           

1935 жылы Жезқазған өңірін зерттеу кезінде Қ.И. Сәтбаев Темірланның 1391 жылы қазақ даласына жорық жасағанда қалдырып, 1936 жылы Эрмитажға жөнелтілген жазуы бар тасты тапқан. Алгебра пәнінен қазақ тілінде тұңғыш мектеп оқулығын жазды. Ғалым геологиялық экспедицияларда халық әндері мен поэмаларын жазып алып, зерттеп, «Едіге» дастанын  жарыққа шығарды. Қ.И. Сәтбаев ірі ғалымдар атанып, қазақ ғылымының дамуына ықпалын тигізген бірқатар ғылыми кадрларды дайындады. Олар: ғалым-энергетик Ш.Ш. Шөкин – қазақ энергетика ғылымының негізін салушы; академик Ә.Х. Марғұлан – ірі археолог және қазақ археология ғылымының негізін салушы; геолог Ш.Е. Есенов — Қазақ КСР Геология министрі; Е.А. Бөкетов – Қазақ КСР ҒА Химия-металлургия институтының директоры және т.б.           

Сәтбаев Қ.И. - Қазақстандағы ғылымды, Қазақстанның халықаралық байланыстары мен қазақстандық ғалымдардың түрлі елдер ғалымдарымен ынтымақтастығын ұйымдастырушы. Қ.И. Сәтбаевтың ғылыми мұрасы шын мәнінде ауқымды. Ол металлогения, минералогия, минералдар, стратиграфия және басқа ғылым салаларындағы 600-ден астам басылымдарды қамтиды.           

Көрнекті ғалымның есімі көшелердің, ғылыми және оқу орындарының атауларында мәңгілікке сақталды. Қазақстанда Сәтбаев қаласы бар, ал ғарышта ғалымның есімі берілген ғаламшар бар. Жаңа минералдардың бірі «саптаевит» деген атау алды. Көрнекті қызметтері үшін Қ.И. Сәтбаев көптеген мемлекеттік ордендермен және медальдармен марапатталған.           

Көрменің мақсаты – Қ.И. Сәтбаевтың казақстандық ғылымның тарихындағы, қалыптасуы мен дамуындағы, геологияда металлогения бағытының пайда болуындағы көрнекті рөлін көрсету. Ғалымның геология ғылымдары саласындағы  ғылыми еңбектерін жалғастырушы Қазақстан ғалымдарының еңбектерімен таныстыру.            

Ұлттық кітапхана қорынан ұйымдастырылған көрмеде Қ.И. Сәтбаевтың  ғылыми еңбектері,  ол туралы ғалымдардың естеліктері, Қазақстан ғалымдарының республикадағы геология, металлогения жөніндегі ғылыми еңбектері ұсынылады. 

Барлығыңызды көрмеге шақырамыз!