«Қазақстан кітаптары» қызметінің О. Жандосов атындағы оқу залында кеңестік ғалым-геолог, металлогения ғылымының және мектебінің негізін қалаушы, Қазақ КСР Ғылым академиясының тұңғыш президенті және академигі Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың туғанына 125 жыл толуына орай «Ғылым көкжиегіндегі дара тұлға» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.
Сәтбаев Қаныш Имантайұлы 1899 жылы 12 сәуірде дүниеге келген. Оның есімі Қазақстанның өнеркәсібі мен ғылымының қалыптасу кезеңімен тығыз байланысты. Қ.И.Сәтбаев ̶ Қазақстан жер қойнауының пайдалы қазбаларын, Жезқазғандағы мыс қорларын ашқан алғашқы қазақ геологы, Қазақстан Ғылым Академиясының ұйымдастырушысы және тұңғыш президенті, Кеңес Одағының шығыс республикаларынан шыққан КСРО ҒА-ның тұңғыш академигі, КСРО және Қазақ КСР Жоғарғы Кеңестерінің депутаты, Мемлекеттік және Ленин сыйлықтарының лауреаты, төрт мәрте Ленин орденімен, 2-дәрежелі Отан соғысы орденімен марапатталды.
Көрнекті ғалым, қоғам қайраткері, халқының нағыз патриоты Қаныш Имантайұлының есімі Сәтбаев шағын ғаламшары, Қарағанды облысындағы қалаға пайдалы қазбалардың атаулары, мұздық пен тау шыңына және т.б. берілді, сондай-ақ Сәтбаев атындағы сыйлық пен шәкіртақы тағайындалды.
Көрменің мақсаты – қазақтың тұңғыш геологы, академик, қазақ металлогения мектебінің негізін қалаушы Қ.И. Сәтбаевтың ғылыми мұрасын насихаттау және сақтау, ел дамуына елеулі үлес қосқан ғалымның әйгілі тұлғасына оқырмандар назарын аудару.
Кітап көрмесі үш бөлімнен тұрады. «Қазақ халқының ұлы ғалымы» атты бірінші бөлімді ғалым Қ.И.Сәтбаевтың өмірі мен қызметі туралы материалдар, энциклопедиялар, библиографиялық анықтамалықтар құрайды.
«Ғылым шынында» атты екінші бөлімі академиктің әр жылдарда жарық көрген «Таңдамалы шығармалары»; «Ғылым мен мәдениет туралы таңдамалы мақалалар»; «Тандамалы» еңбектерін оқырмандарға таныстырады.
«Академик Қ.И. Сәтбаев туралы сыр» бөлімінде Қазақстанның белгілі ғалымдары мен жазушыларының «Қаныш аға» (1989), «Академик Қ.И.Сатпаев и его современники» (1999), «Қаныш аға осындай еді...» (1999), «Қ.Сәтбаев туралы естеліктер» (1999), «Академик К.И. Сатпаев в памяти земляков» (1999), «Жас Қаныш» (1999), т.б. еңбектері ұсынылған.
Кітап көрмесіне шақырамыз!