+7 (727) 267-28-83

балдырған

27 қазанда ҚР Ұлттық кітапханасында «Қазақ  газеттері» ЖШС-ның ұйымдастыруымен және Алматы қаласы әкімдігі Мәдениет басқармасының қолдауымен халқымыздың аса көрнекті ақыны, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның халық жазушысы, «Балдырған» журналының тұңғыш бас редакторы Мұзафар Әлімбаевтың туғанына 100 жыл және «Балдырған» балалар журналының шыға бастағанына 65 жыл толуына орай «Мұзафар Әлімбаев және қазақ балалар әдебиеті» атты офлайн және онлайн форматта республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Шараны модератор – «Қазақ газеттері» ЖШС бас директорының орынбасары, Алматы қаласы филиалының жетекшісі Думан Анаш және «Балдырған» журналының бас редакторы Дүйсен Мағлұмов  жүргізді.

Шарада ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Нұржанұлы Отарбаев сөз сөйлеп, Мемлекет басшысы  Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың құттықтау хатын табыстады.

Сонымен қатар, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Ғалымқызы Балаеваның құттықтауын министрдің орынбасары Арман Әділханұлы Жүдебаев, ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бектайұлы Бейсембаевтың құттықтауын ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Республикалық ғылыми-педагогикалық кітапханасының директоры Сәйдембаева Әлия Шұратқызы, Павлодар облысы әкімі Асайын Қуандықұлы Байхановтың құттықтау хатын ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Жарқынбек Амантайұлы мен Павлодар облысы әкімдігінің Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Медет Алпысбайұлы Тауасқан тапсырды.

Сөз сөйлеген қонақтар: белгілі журналист, жазушы, мәдениеттанушы Қали Сәрсенбаев; Президент сыйлығының иегері, белгілі балалар жазушысы, баспагер Бейсенбай Сүлейменов; белгілі суретші, «Балдырған» журналының бұрынғы қызметкері Еркін Нұразхан; жазушы, «Жыл он екі ай» альманағының бас редакторы Талғат Айтбайұлы.

Баяндамашылар: филология ғылымдарының докторы, жазушы Бекен Ыбырайымов «Қазақ балалар әдебиетінің дамуындағы Мұзафар Әлімбаев пен «Балдырған» журналының орны»; филология ғылымдарының докторы, жазушы, Қазақстан Жазушылар одағы Балалар әдебиеті секциясының жетекшісі Нұрдәулет Бәбиханұлы Ақыш «Мұзафар Әлімбаевтың балаларға арналған шығармаларындағы поэтикалық шеберлік»; «Балдырған» журналының бас редакторы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дүйсен Мүсірәліұлы Мағлұмов «Мұзафар Әлімбаев «Балдырған» журналының негізін қалаушы» тақырыптарында баяндама жасады.

Шара аясында ақын Мұзафар Әлімбаевтың «Алақай балақай» атты кітабының тұсаукесер рәсімі жасалып, бірнеше данасын Ұлттық кітапхана қорына сыйға тартты. Сонымен қатар, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, дәстүрлі әнші Айгүл Қосанова, ҚР Мәдениет қайраткері, дәстүрлі әнші, ұстаз Талғат Әбуғазы, «Алатау» дәстүрлі өнер театрының әншілері Шаттық Уатқан және Диас Мұрат ақынның сөзіне жазылған әндерді шырқап, Алматы қаласындағы әл-Фараби атындағы №145 мектептің оқушылары өлең жолдарын оқыды.

Сондай-ақ, ҚР Ұлттық кітапханасының қорынан «Балалар бақытының жыршысы» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.

Қатысушылар: мемлекет және қоғам қайраткерлері,  әдебиеттанушы ғалымдар,  ақын-жазушылар, БАҚ өкілдері, ұстаздар мен оқушылар және т.б.

балдырған1   балдырған8   балдырған12   балдырған9
балдырған2   балдырған3   балдырған4   балдырған5
балдырған6   балдырған7   балдырған10   балдырған11
             

 

Кітап шоу - 2024