10 қыркүйекте Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының Диссертация залына Салық Зимановтың есімін беруге арналған және Қазақстандағы құқық ғылымы мен жоғары заң білімінің негізін қалаушы, көрнекті ғалымның 100 жылдығына орай іс-шара өтті.
Шараның модераторы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті заң факультетінің деканы, заң ғылымдарының докторы, профессор Байділдинов Дәулет Лайықұлы құттықтау сөзді ҚР Ұлттық кітапханасының директоры Оспанова Бақытжамал Қайырбекқызына берді.
Іс-шара барысында Алматы қаласы бойынша Соттар әкімшісінің басшысы Қожахметов Ержан Қайроллаұлы, Алматы қаласы Мәдениет департаментінің директоры Алиев Данияр Әбзалиденұлы, заң ғылымдарының докторы, профессор Сабикенов Салахиден Нурсариевич, заң ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА-ның академигі Сүлейменов Майдан Күнтуарұлы, тарих ғылымдарының докторы, профессор Қозыбаев Ильяс Манашұлы, Салық Зимановтың қызы Зиманова Гүлжамал Салыққызы және тағы басқалар Салық Зиманов туралы естеліктерге тоқталып, жылы лебіздерін білдірді.
Шара аясында ҚР Ұлттық кітапханасының Диссертация залында С.Зимановқа арналған «Салық Зиманов – заң ғылымының алыбы» ақпараттық стенді және кітапхана қорынан қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде «Ғұлама заңгер, ұстаз, қайраткер» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.
Мерекелік кешке ардагерлер мен жетекші заңгерлер, Қазақстанның құқықтанушылары, Алматы қаласы әкімдігінің өкілдері, жоғары заң оқу орындарының оқытушылары, С. Зимановтың туыстары мен жақындары және БАҚ өкілдері қатысты.