+7 (727) 267-28-83

Кітапханаға оқырмандардың жазылу тәртібі

Қазақстан Республикасының азаматтары, шетелдік азаматтар, азаматтығы жоқ, 12 жасқа толған және жеке басын куәландыратын құжаты бар тұлғалар Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының (әрі қарай – Кітапхана) оқырманы бола алады.
2. Оқырман билеті оқу залдарында Кітапхана қорын және қызметтерін пайдалануға құқық беретін жалғыз құжат болып табылады. 
3. Кітапханаға жазылу тегін жүзеге асырылады. Рәсімдеу, суретке түсіру және оқырман билеттерін беру Оқырмандарды тіркеу бөлімінде жүргізіледі. 
Жазылу үшін қажетті құжаттар: жеке куәлік (түпнұсқа) немесе ҚР азаматының паспорты, басқа мемлекет азаматтарының паспорты; 
- ЖОО-ның, колледждердің студенттері, мектеп оқушылары үшін – жеке куәлік, туу туралы куәлік, студенттік билет немесе сынақ кітапшасы, болмаса оқу орнынан анықтама.
4. Диссертациялар залында және сирек кітаптар мен қолжазбалар залында жұмыс істеу үшін қосымша ғылыми тақырыптың орындалу орнынан мекеме басшысының қолы қойылған фирмалық бланкте, Кітапхана директорының атына жазылған қатынас-хат талап етіледі: 
5. Оқырман билетінің 2 түрі белгіленген: тұрақты және бір жолғы. Тұрақты билеттің 4 үлгісі бар (simple - жасыл түсті, silver - күміс түсті, gold - алтын түсті, VIP - алтын жазулы қызыл түсті).
Тұрақты оқырман билеті белгіленген үлгіде 5 жыл мерзімге беріледі. Оқырман билетінде билеттің жарамдылық мерзімі көрсетіледі. 
Бір жолғы оқырман билеті негізгі кітап қорынан қызмет көрсету құқығынсыз ағымдағы бір күн бойы жарамды. 
6. Тұрақты оқырман билеті жоғалған жағдайда оны қарастыру және қалпына келтіру Оқырмандарды тіркеу бөлімі жетекшісінің атына жазылған оқырманның өтініші бойынша 30 күннің ішінде жүргізіледі. 
7. Келуші жазылу кезінде:
- оқырманның тіркеу карточкасын толтырады;
- ҚР Ұлттық кітапханасын пайдалану ережесін орындау туралы міндеттемесін өзінің қолымен растайды. 
8. Кітапхана оқырмандарын қайта тіркеу оқырман билетінің жарамдылық мерзімі аяқталғаннан кейін жүргізіледі. Қайта тіркелу үшін жеке басын куәландыратын құжатты беруі қажет.

Оқырманның құқықтары мен міндеттері

Оқырманның құқығы бар:
• Кітапханаға оқырмандар үшін белгіленген жұмыс тәртібіне сәйкес еш кедергісіз кіруге;
• Кітапхана қорындағы әдебиеттерді оқу залдарында тегін пайдалануға; 
• Кітапхана қорларында жоқ әдебиеттерге Құжаттарды электронды тасымалдау қызметі туралы ережеге және кітапханааралық абонементке сәйкес тапсырыс жасауға; 
• анықтамалық-библиографиялық және ақпараттық қызмет көрсетуді, дәстүрлі (карточкалы) және электронды каталогтар мен картотекаларды пайдалануға; 
• тақырыптық көрмелерде және жаңа түскен әдебиеттер көрмелерінде ұсынылған әдебиеттермен танысуға және пайдалануға; 
• оқырмандар үшін арнайы орнатылған кітапхананың техникалық құралдарын (компьютерді, бағдарламалық жасақтаманы, микронысандарды және т.б. оқу аппаратын) пайдаланудың тиісті ережелерін сақтай отырып пайдалануға;
• ноутбуктерді алып кіруге;
• Кітапхананың оқырмандар үшін ұйымдастырған мәдени-көпшілік шараларына (тұсаукесерлер, дөңгелек үстелдер, конференциялар, кездесулер және т.б.) қатысуға; 
• ҚР «Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы» заңының 18, 20-баптарына сәйкес баға прейскуранты бойынша кітапхана қорларынан құжаттарды және оның үзінділерін көшірмелеу қызметін (ксерокөшірмелеу және сканерлеу) пайдалануға (көшірілген материалдардың этикалық пайдаланылуына оқырманның өзі жауап береді);
• Кітапхана қызметін жақсарту бойынша ұсыныстарын енгізуге;
• Кітапханада жұмыс істейтін қызығушылық клубтар мен әдеби клубтарға мүше болуға;
• оқу залдарына алкогольсіз сусын алып кіруге.

Оқырман міндетті:

• «Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасын пайдалану ережесін» білуге және оны орындауға;
• кірген кезде бақылау пунктіне өзінің оқырман билетін көрсетіп, бақылау парақшасын алуға;
• оқырман билетін және бақылау парақшасын сақтауға. Оқырман билетін немесе бақылау парақшасын жоғалтып алған жағдайда, бұл туралы Кітапхананың жауапты кезекшісіне немесе Оқырмандарды тіркеу бөлімінің жетекшісіне хабарлауға;
• шығарда өтелген бақылау парақшасын өткізуге; 
• Кітапхана қорларынан пайдалануға берілген әдебиеттерге ұқыптылықпен қарауға; 
• кафедраларда өзіне уақытша пайдалануға алған әдебиеттерді қарап шығуға; 
• құжаттың беттері жоқ екенін немесе басқа да ақауларын байқаған жағдайда, бұл туралы дереу кітапханашыға хабарлауға. Олай болмаған жағдайда, оқырман бүлінген құжаттар үшін оларды соңғы  пайдаланушы ретінде толық жауапкершілік алады;
• қоғамдық тәртіпті, бөлмелерде тазалық пен тыныштықты сақтауға, Кітапхана мүлкіне ұқыптылықпен қарауға.

Жол берілмейді:

• өзінің оқырман билетін, бақылау парақшасын және алған әдебиеттерін басқа тұлғаға беруіне;
• Кітапханаға бөгде оқырман билетімен келуге;
• басылымдарды сызып, белгі қоюға, беттерін бүктеуге, жыртуға;
• компьютер құрылғыларына, бағдарламалық жасақтамаға, электронды өнімдерге зиян келтіруге;
• қорда жоқ әдебиеттерді қоспағанда (Оқырмандарды тіркеу бөлімі қызметкерінің рұқсатымен) кітапханаға кітаптарды, газеттерді, журналдарды, әртүрлі тасымалдағыштарда басқа да материалдарды алып кіруге; 
• жазатын, көшіретін, түсіретін және басқа да аппаратты алып кіруге және оны кітапхана қорының рұқсат етілмеген материалдарын көшірмелеуге пайдалануға; 
• Кітапхананың құжаттарын көшірмелеу үшін: фотоаппараттарды, бейнекамераларды, мобильді байланыс құралдарын пайдалануға;
• суық, газбен, оқпен атылатын қаруларды, оқ-дәрілерді, жарылатын және улы заттарды алып кіруге; 
• Кітапханадан баспа басылымдарын және кітапханаға тиесілі басқа да  құжаттарды алып шығуға, сондай-ақ оларды буфетке алып кіруге; 
• бір оқырман орнына арналған үстелдердің, орындықтардың орналасуын бұзуға; 
• оқу залдарында ұялы телефондарды пайдалануға; 
• Кітапхана ғимаратында шылым шегуге;
• оқу залдарына сырт киіммен (күртемен, күртешемен, пальтомен, плащпен және бас киіммен және т.б.), сондай-ақ, портфельмен, күңгірт пакеттермен, көлемі  30х20х10 см. асатын сөмкелермен кіруге. Оқу залдарына арқақоржынмен кіруге тыйым салынады;
• Әкімшіліктің рұқсатынсыз Кітапхана ғимаратына хабарландырулар, жарнамалар және басқа да жарнамалық-коммерциялық сипаттағы материалдарды ілуге, ұсақ бөлшек саудамен және басқа да коммерциялық әрекеттермен айналысуға. 
Сондай-ақ, алкогольдік, нашақорлық және уытқұмарлық масаңдық жағдайында, ұқыпсыз, лас киімдегі тұлғалар оқу залдарына жіберілмейді.

Кітапханада оқырмандарға қызмет көрсетуді ұйымдастыру

Кітапханада оқырмандарға қызмет көрсету оқу залдарындағы әдебиеттерді беру кафедраларында жүзеге асырылады.
13. Әдебиеттер оқырмандарға қызмет көрсету бөлімдерінің оқу залдарындағы қосалқы қордан талап ету бойынша бірден, тапсырыс рәсімделмей беріледі.
14. Сирек кітаптар мен қолжазбалар ерекше сақтау тәртібінде. Сирек басылымдарды пайдалану ғылыми мекеменің зерттеу тақырыбы көрсетілген қатынас-хаты бойынша жүзеге асырылады. Мәңгілік сақтау жағдайында тұрған аса құнды және сирек басылымдар берілмейді. Сирек кітаптар мен қолжазбалар қызметінің оқу залы оқырмандарға сағат 18.00-ге дейін қызмет көрсетеді.
15. Интернет-ресурстары арнайы залдарда белгіленген тәртіпте ұсынылады. 
Интернеттің жаһандық, реттелмейтін және бақыланбайтын ақпараттық орта ретіндегі ерекшеліктерін ескере отырып, Кітапхана Интернеттегі қолжетімді ақпараттардың мазмұны мен сапасына жауап бермейді. Дыбыс, бейне, МР-3 файлдарын жүктеуге, көшіруге және порнографиялық сайттарды пайдалануға тыйым салынады.
16. Әдебиеттерді кітап сақтау қорынан алу үшін тапсырыс дәстүрлі (талап қағазы) және электронды нысанда («Іздеу және тапсырыс беру» модулінде) рәсімделеді. 
Кітап сақтау қорынан әдебиеттерге тапсырыс 18.30-ға дейін қабылданады және олар қосалқы қорда жоқ болған жағдайда ғана. Бір оқырманнан қабылданған сұраныстар саны 10 сұраныстан аспауы тиіс. 
Оқырмандарға кітап сақтау қорынан кітаптарды пайдалану мерзімі – 10 күн, мұрағат (сақтандыру) қорынан – 3 күн. 
17. Кітапхананың жұмысы аяқталуға 15 минут қалғанда оқырман алған әдебиетін кітапханашыға тапсырып, өтелген бақылау парақшасын және өзінің оқырман билетін алады. 
18. Анықтамалық-библиографиялық қызмет көрсетуді Кітапхананың оқырмандарға қызмет көрсететін барлық құрылымдық бөлімшелері жүзеге асырады. 
19. Кітапхана қолданыстағы «Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасы» республикалық мемлекеттік мекемесінің «Тауарлар мен қызметтердің бағалар прейскуранты» бойынша ақылы қызметтер көрсетеді.

Сайтта

Қазір сайтта 178 қонақ отыр және бірде бір тіркелген пайдаланушы жоқ.