2024 жылғы 17 сәуірде Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасында қолжазбатанушы-ғалым, ауыз әдебиетін жинаушы және зерттеуші Мақсұт Шафиғидың туғанына 90 жыл толуына орай «Сирек кітаптар мен қолжазбаларды жинау, сақтау және зерттеу» тақырыбында дөңгелек үстел өткізілді.
Іс-шара М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтымен бірлесіп ұйымдастырылды.
Шараның мақсаты – ғалымның сирек қолжазба қорларын жинау, зерттеу және аударуға қосқан үлесін көрсету, Қазақстан аумағында сақталған қолжазбаларды жинау, сақтау және зерттеу мәселелерін талқылау.
Шараны модератор – ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, филология ғылымдарының докторы Матыжанов Кенжехан Ісләмжанұлы жүргізді.
Дөңгелек үстел ҚР Ұлттық кітапханасының директоры, Қазақстандық Кітапханалық Одақтың төрайымы Оспанова Бақытжамал Қайырбекқызының құттықтау сөзімен ашылды.
Атаулы шарада М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты Қолжазба және мәтінтану ғылыми-инновация орталығының директоры, филол.ғ.к. Рақыш Жұмашай Сайлауқызының «Қолжазба қорының шырақшысы» атты баяндамасы тыңдалып, филолог-ғалымдар: Тілепов Жұмат Жұмалыұлы, Керім Шамшәдин Тұрсынұлы, Бұлдыбай Анарбай Сағиұлы, Зайкенова Руда Зайкенқызы, Есенжан Дина Әнесқызы, Түсіпова Алма Көкбайқызы, М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының жетекші ғылыми қызметкері Сәкен Сейілбек Икрамбайұлы, ҚР Ұлттық кітапханасы Сирек кітаптар мен қолжазбалар қызметінің бұрынғы жетекшісі (2001-2014 ж.) Асқарбекова Набат Мұсаханқызы, «Ғылым ордасы» РМК Орталық ғылыми кітапханасының бұрынғы басшысы (2011-2022 ж.) Қаймақбаева Қарлығаш Ескендірқызы Мақсұт Шафиғидің өмірі мен шығармашылығы туралы ой-толғамдарымен бөлісті.
Кеш модераторы Матыжанов Кенжехан Ісләмжанұлы Қазақстан аумағындағы қолжазбаларды сақтау және олардың ұзақмерзімді сақталымын қамтамасыз ету мәселелеріне, Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетінің Ғылым және инновация департаментінің директоры PhD, доцент Палтөре Ықтияр Молдатөреұлы ҚР Ұлттық кітапханасы сирек қорындағы араб тіліндегі литографиялық кітаптардың каталогын жасау мәселесіне тоқталды.
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Шығыстану факультетінің оқытушысы, филол.ғ.к. Қамбарбекова Ғалия Әмзеқызы ҚР Ұлттық кітапханасының қолжазба қорын зерттеу мәселелерін айта келіп, Ұлттық кітапхана негізінде Қазақстан қолжазбатанушылар қауымдастығын құру және сирек қолжазба қорларының сақталуы, каталогталуы мен зерттелуі бойынша үш бағытта жұмыс жасау жоспарымен таныстырды. Сөз соңында ол Ұлттық кітапхана қорына Қожа Ахмет Ясауидің «Диуани хикмет» қолжазбасының Тегеран университеті жанындағы Орталық кітапханасы, Қажы Хусейн Малек атындағы Ұлттық кітапханасы, ИИР Мәжіліс кітапханасы, Лейден кітапханасы және Француз Ұлттық кітапханасының сирек қорларынан алынған электронды нұсқасын сыйға берді.
Сонымен қатар, дөңгелек үстел қатысушылары Қазақстан аумағындағы сақталған қолжазбалардың бірыңғай каталогын (түпнұсқаның қай мекемеде сақталғаны туралы) жасап шығару мәселесі бойынша өз ойларымен бөлісті.
Шара аясында ҚР Ұлттық кітапханасы қорынан «Ұлт руханиятының шырақшысы» атты атты ғылыми көрме ұйымдастырылды. Көрмеде Мақсұт Шафиғидың редакторлығымен, құрастыруымен, жинақтауымен, аударуымен жарық көрген оқулықтары, кітаптары мен ғылыми мақалалары, солардың қатарында қазақ мектептеріне арналған алғашқы «Араб тілі» оқулығы, «Бабалар сөзі» көптомдығы секілді зерттеу еңбектері ұсынылды.
Көрмені Сирек кітаптар мен қолжазбалар бөлімінің қызметкері Нұрмұхамбетова Дәрия Өмірғалиқызы таныстырды.