+7 (727) 267-28-83

сатбаев гл2024 жылғы 10 сәуірде Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасында көрнекті геолог-ғалым, ҚР Ұлттық ғылым академиясының негізін қалаушы және тұңғыш президенті, академик Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың туғанына 125 жыл толуына орай «Әлем таныған қазақтың Қанышы» атты еске алу кеші өтті.

Шараның мақсаты – қазақтың біртуар перзенті Қаныш Сәтбаевтың ғылыми мұрасын кеңінен насихаттау. Ғалымның жан-жақтылық, табандылық, ізденімпаздылық қасиеттерін жастар арасында дәріптеу.

Шараның модераторы – белгілі алаштанушы, жазушы Елдос Тоқтарбай.

Кешті ҚР Ұлттық кітапханасының директоры, Қазақстандық Кітапханалық Одақтың төрайымы Оспанова Бақытжамал Қайырбекқызы құттықтау сөзбен ашты.

Кеште ҚР Президентінің жанындағы ҚР Ұлттық Ғылым академиясының Пәнаралық ғылым орталығының директоры Алиханов Қуантар Дәуленұлы, геолог, Қ. Сәтбаевтың немересі Третьяков Александр Валентинович, химия ғылымдарының докторы, профессор, Қ. Сәтбаевтың немересі Жармагамбетова Алима Кайнекеевна, ҚР ҰҒА академигі, геология-минералогия ғылымдарының докторы Оздоев Султан сөз сөйлеп, ұлы ғалым Қаныш Сәтбаевтың өмірі мен ғылыми жетістіктері туралы ой-толғамдарымен бөлісті.

Сәтбаевтанушы-ғалым Ниретина Надежда Васильевна сөз сөйлеп, Ұлттық кітапхана қорына кітаптарды сыйға тартты.

Сонымен қатар, шара аясында ҚР Ұлттық кітапханасы қорынан ұйымдастырылған «Қаныш – қазақ қазынасы» атты академиялық кітап және мерзімді басылымдар көрмесімен Ұлттық кітапхана қызметкерлері Біләл Ертай мен Алтынбек Қанат таныстырды.

Қ. Сәтбаев атындағы мемориалдық музей экспонаттары, архивтік фотосуреттер ұсынылған көрмені осы музейдің бөлім меңгерушісі Айтмұхамбетова Бахытжамал Ахметқалиқызы және Satbayev University музейінің жәдігерлерін сәтбаевтанушы, Сәтбаев Университеті Тарихи музейінің бас маманы Әденұлы Аспандияр таныстырды.

Мұқағали Мақатаев атындағы №140 гимназияның оқушылары Қаныш Сәтбаевқа арналған өлең жолдарын оқыды.

Қатысушылар: мемлекет және қоғам қайраткерлері, ғалымдар, зиялы қауым өкілдері, Қазақстан Республикасының Ұлттық ұлан «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының сарбаздары, Алматы темір жол көлігі және логистика колледжінің студенттері, кітапхана оқырмандары, БАҚ өкілдері және т.б.

сатбаев7   сатбаев1   сатбаев3
сатбаев8   сатбаев5   сатбаев4
сатбаев6   сатбаев2   сатбаев9

Кітап шоу - 2024