+7 (727) 267-28-83

токаев глСонымен қатар кітап замандастың сырлас досы, өзіндік ақылшысы әрі қоғам айнасы десек, артық айтқандық емес. Ұлттық құрылтайдың Атырауда өтіп жатқан үшінші отырысында сөйлеген сөзінде республика Президенті Қ.К.Тоқаевтың кітап пен кітапхананың қоғамдағы орнын ерекше атап көрсеткені соның нақты дәлелі болып табылады.

Қазір шынында да ақпараттық технологияның пайдасымен қатар зиянды жағын да көріп, біліп отырмыз. Ғаламтор желісін талғамсыз пайдаланудың мысалдары баршылық. Бұл, әсіресе ұрпақ тәрбиесіне теріс ықпал етуде. Демек, тәуелсіз еліміздің ертеңі – жастардан қаншалықты үміт күтуге болады?

Туған халқымыздың әл-ауқаты мен тұрмыс дәрежесінің күннен күнге жақсарып, мемлекетіміздің күш-қуатының арта түсуінің жауапкершілігін біздің өскелең қыздар мен жігіттеріміздің бәрі бірдей дұрыс түсіне алып отыр ма? Олардың білімі мен мәдени деңгейі жаһандық бәсекелестік талабына қаншалықты сай келеді?

Сондықтан, әсіресе жастарды кітапқа бауыр бастырудың орны ерекше. Замандас қауым кітаптан көптеген көкейкесті сауалдарға жауап тауып, қоғамның даму үрдістерінен мейлінше салауатты ой-пікір түюге үйренеді. Жұртшылықтың дау-дамайын туғызған өткір мәселелерге сабырмен қарап, салиқалы мінез дағдысы қалыптасады.

Біз, кітапханашылар қауымдастығы республикада кітап пен кітапхана ісінің тұрақты назарда ұсталып отырғанының куәсіміз. Мемлекет басшысының Түркістандағы Ұлттық құрылтайда берген тапсырмасына сәйкес Астана мен Алматыда тәулік бойы жұмыс жасайтын заманауи кітапханалардың ашылатын күнінің де алыс емесі зор қуаныш.

Ал, енді Президентіміз Ұлттық Кітап күнін белгілеу туралы бастаманы қолдайтынын айтып, кітапқұмар жұртты бір серпілтіп тастады.

Былтыр басталған Кітапханашылар күні – кәсіби мереке болса, енді бүкіл оқырман, жалпы замандас үшін ортақ мереке – Кітап күнін атап өту зайырлы қоғамға тән кітап оқу мәдениетін жандандыра түседі деп сенеміз.

 

Бақытжамал Оспанова,

ҚР Ұлттық кітапханасының директоры,

Қазақстандық кітапханалық одақтың

төрағасы