+7 (727) 267-28-83

Сейфуллин глСирек кітаптар мен қолжазбалар қызметінің оқу залында Сәкен Сейфуллиннің туғанына 130 жыл толуына арналған «Дала дауылпазы – Сәкен Сейфуллин» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.

Сәкен Сейфуллин – мемлекет және қоғам қайраткері, ақын, жазушы, Қазақстан жазушылар одағының негізін қалаушы. Қырғыз АКСР Халық Комиссарлары Кеңесінің Төрағасы (1920-1925 жж.) (Премьер-Министр), қазақ тарихында өзіндік орны бар көрнекті тұлға.

«Дала дауылпазы – Сәкен Сейфуллин» атты тұрақты кітап көрмесінде Ақынның XX ғасырдың алғашқы ширегінде (1922-1936 жж.) жазылған араб, латын графикасындағы туындылары оқырман назарына ұсынылды. Мәселен, Орынбор қаласында басылып шыққан өлеңдер жинағы – «Асау тұлпар» (1922) мен «Домбыра» (1924), Қызылорда қаласында басылған «Тұрмыс толқынында» (1928) кітабы, «Экспресс» (1926) поэмасы, «Жер қазғандар» әңгімесі (1928) мен «Ұйым және еңбек шарт жалшылар қорғаны» әңгіме-жыры, Орал қаласында басылған «Көкше-тау» (1929) әңгіме-өлеңі, «Әл-батрос» дастаны (1933), Қазақ көркем әдебиет баспасынан шыққан «Айша» (1935) әңгімелер жинағы, Алматы қаласында басылған «Социалистан» (1935) поэмасы, «Қазақстан» баспасынан шыққан 5-сыныпқа арналған «Көркем әдебиет» (1934), «Қазақ әдебиеті» кітаптарының түпнұсқасы. «Әдебиет майданы», «Жаңа мектеп», «Жыл құсы», «Жаңа әдебиет» журналдарына шыққан мақалалары мен 1986-1988 жылдары «Жазушы» баспасынан шыққан көптомдығы, академик Т.Кәкішұлының «Сәкен және Гүлбаһрам», «Сәкен Сейфуллин» ғұмырнамалық зерттеу кітаптары қойылды.

Сонымен қатар, көрмеде Сәкен Сейфуллиннің 1931 жылы жарық көрген «Қазақтың ескі әдебиет мұқабалары» атты еңбегі оқырман назарына ұсынылды. Бұл еңбекте: Айман-Шолпан, Алпамыс батыр, Базар жырау, Бұқар жырау толғаулары, Шортанбай өлеңдері, Кемпірбай мен Әсет, Шөже мен Балта, Орынбай мен Серәлі, Жамбыл мен Құлмамбеттің  айтыстары енген. 

Зерделі оқырман! Сирек кітаптар мен қолжазбалар қызметі ұйымдастырған «Дала дауылпазы – Сәкен Сейфуллин» атты тақырыптық көрмеде тұлғаның құнды түпнұсқа еңбектерімен таныса аласыздар!

Кітап шоу - 2024