+7 (727) 267-28-83

Соқпақбаев гл

«Қазақстан кітаптары» қызметінің О.Жандосов атындағы оқу залында 2024 жылы «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясы аясында белгілі балалар жазушысы, ақын, сценарист Бердібек Соқпақбаевқа және оның шығармашылығына арналған «Балалар әдебиетінің бәйтерегі» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.

Қазақстанда «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясы 2007 жылдан бері өткізіліп келеді. 2024 жылы республикалық акция аясында қазақтың көрнекті жазушысы, балалар әдебиетінің классигі Бердібек Соқпақбаевтың шығармалары оқуға ұсынылды. Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығы ЮНЕСКО-ның 2024 жылғы атаулы күндер күнтізбесіне енгізілді.

Акцияның мақсаты – ұлттық әдебиеттің үздік туындыларын насихаттау, рухани мұраны сақтау, оған жастарды жұмылдыру, сондай-ақ қазақстандық жазушылардың шығармашылығына қоғамның қызығушылығын арттыру.

Бердібек Соқпақбаев 1924 жылы Алматы облысы Нарынқол ауданында дүниеге келген. 1949 жылы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтын бітірген. 1950-1952 жж. Нарынқол ауданында мұғалім болып, ал 1952-1955 жж. – «Қазақфильм» киностудиясының редакторы, «Балдырған», «Жұлдыз» журналдарының редакциясында жұмыс атқарған.  Бердібек Соқпақбаевтың шығармаларында Ұлы Отан соғысы және одан кейінгі жылдардағы ауыл өмірін, ауыл жастарының арман-мақсатын, махаббатын суреттеу ерекше орын алады. Кеңінен танылған: «Бұлақ» (1950) жинағы, «Он алты жасар чемпион» (1951); «Алыстағы ауылда» (1953) кітаптары,  «Өлгендер қайтып келмейді» (1967,1974); «Менің атым – Қожа» (1957,1972)  повестер мен романдары. Осы балалар повесі негізінде «Қазақфильм» киностудиясында көркем фильм түсіріліп, 1967 жылы Канн қаласында өткен халықаралық балалар мен жасөспірімдер фильмдерінің фестивалінде арнайы жүлдеге ие болды. Б.Соқпақбаевтың бірқатар шығармалары алыс және жақын шетел халықтарының тілдеріне аударылған.

Кітап көрмесі үш бөлімнен тұрады. «Ақиқаттан айнымаған қаламгер» атты бірінші бөлімді Б. Соқпақбаевтың өмірі мен қызметі туралы материалдар, энциклопедиялар, библиографиялық анықтамалықтар құрайды.

«Балалық шақтың бал тілі» атты екінші бөлімде балалар жазушысының әр жылдары түрлі баспаларда жарық көрген «Жекпе-жек» (1962), «Қайдасың, Гауһар?» (1977), «Менің атым - Қожа» (1978), «Өлгендер қайтып келмейді» (1979), «Балалық шаққа саяхат» (2005), (2010)  сынды және т.б. көркем шығармалары оқырмандарға ұсынылады.

«Берен талант иесі» атты үшінші бөлімде Қазақстанның белгілі жазушыларының Бердібек Соқпақбаев туралы: «Тәуелсіздік рухымен» (2002), «Арыстар мен ағыстар» (2003), «Бердібек Соқпақбаев туралы естеліктер» (2005), «Қаламдастар, қарайластар» (2021) және т.б.мақалалары жинақталған.

Кітап көрмесіне шақырамыз!

Кітап шоу - 2024