+7 (727) 267-28-83

әзілхан

«Қазақстан кітаптары» қызметінің Ораз Жандосов атындағы оқу залында Қазақстанның халық жазушысы, Ұлы Отан соғысының ардагері Әзілхан Нұршайықовтың өмірі мен шығармашылығына арналған «Мәңгілік махаббат жыршысы» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.

Әзілхан Нұршайықов 1922 жылы 15 желтоқсанда Семей облысы Жарма ауданында дүниеге келген. Әзілхан Нұршайықов 14 жасынан бастап поэзияға әуестенген. Алғашқы өлеңдері мен мақалалары аудандық, облыстық, республикалық басылымдарда жарияланған. Жас ақын Алматыдағы тау-кен институтын бітіріп, Семейдегі Абай атындағы Қазақ педагогикалық училищесіне оқуға түседі, кейін  Н. Крупская атындағы педагогикалық институтта оқыды.

1940 жылы Семей облысы Жарма ауданындағы орта мектепте мұғалім болды. 1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталғанда 19 жасар Әзілхан Қызыл Әскер қатарына шақырылады. Соғыста 100-ші қазақ атқыштар бригадасының құрамында атқыштар командирі болды. Калинин, 2-Балтық түбегі, 1 және 2 Беларусь майдандарында шайқасты.

Соғыстан кейін Ә.Нұршайықов С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетіне оқуға түседі. Университетті бітіргеннен кейін «Социалистік Қазақстан» газетінің редакциясында еңбек етеді. 1953-1956 жж.  ̶  Павлодар облыстық «Қызыл ту» газетінің редакторы, 1963-1965 жж. – республикалық «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы. Кейін М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының қызметкері болды. 1968 жылы Қазақ совет энциклопедиясының жаңадан ашылған редакциясында тіл, әдебиет және фольклор редакциясының меңгерушісі болды. Энциклопедияның бірінші томдарын шығаруға атсалысып, жүзге жуық энциклопедиялық мақалалар жазды. Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының мүшесі.

Ә.Нұршаихов ұзақ жылдар журналист болып қызмет етті. Ол журналистік қызметімен қатар әдеби еңбекпен де үздіксіз айналысты. Жазушының шығармашылық стилі бірте-бірте дамыды. Ә.Нұршайықов «III дәрежелі Даңқ», «II дәрежелі Отан соғысы» (1944), «Құрмет белгісі» (1956), «Халықтар достығы» (1984), «Отандық соғыс», «Парасат» (2005), «Отан» (2010) ордендерімен және «Ерлігі үшін» (1943), «Жауынгерлік еңбегі үшін» (1944), «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін», «Варшаваны азат еткені үшін» (1945) медальдарымен марапатталған. Қазақ КСР халық жазушысы (1990), Абай атындағы мемлекеттік сыйлықтың лауреаты (1980), А.Фадеев атындағы Халықаралық әдеби сыйлықтың лауреаты (1987).

«Мәңгілік махаббат жыршысы» кітап көрмесіне ҚР Ұлттық кітапханасының қорынан Әзілхан Нұршайықовтың өмірі мен шығармашылығына қатысты материалдар, оның шығармалары, мерзімді басылым беттеріндегі ол туралы мақалалар мен естеліктер қойылған. Әзілхан Нұршайықов «Жамбылға хат», «Махаббат, қызық мол жылдар», «Ақиқат пен аңыз», «Мен және менің замандастарым», «Мәңгілік махаббат жыры»,  «Өмір өрнектері» және т.б. көптеген жинақтардың, очерктердің, әңгімелердің, повестер мен романдардың авторы. «Ақиқат пен аңыз» роман-диалогы украин (Днепр, 1984) және чех (1985) тілдеріне аударылып, басылды. Жазушы И.Буниннің, М.Шолоховтың, П.Павленконың, А.Якобсонның және т.б. шығармаларын қазақ тіліне аударған. Аты аңызға айналған Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлы туралы «Ақиқат пен аңыз» романы үшін автор Абай  атындағы Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды (1978).

Көрменің мақсаты – оқырмандарды қазақ әдебиетінің өркендеуіне елеулі үлес қосқан көрнекті қазақ жазушысы Ә.Нұршайықовтың шығармашылығымен және қоғамдық қызметімен таныстыру.

 Кітап көрмесіне шақырамыз!