+7 (727) 267-28-83

тәуелсіздік күні

«Қазақстан кітаптары» қызметінің Ораз Жандосов атындағы оқу залында Алматыдағы 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасын еске алуға арналған «Ұлттық рухтың асқақтауы» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.

Биыл 1986 жылғы Желтоқсан тарихи оқиғасына 37 жыл толып отыр. Наразылықтар халықтың еркіндік пен егемендікке деген ұмтылысын көрсетті. Тәуелсіздіктің жаршысы болған Желтоқсан оқиғасына қатысушылардың ерлігі мемлекеттігіміздің тарихында мәңгілік қалды.

1986 жылғы Желтоқсан оқиғасының республикадағы көптеген заманауи процестерді түсіну үшін маңызы зор. Олар Қазақстанның егеменді мемлекет ретінде қалыптасуы мен дамуына зор ықпал етті. 1991 жылы 16 желтоқсанда Жоғарғы Кеңес «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігі мен мемлекеттік егемендігі туралы» заң қабылдады. Қазақстанның Тәуелсіздік күні мемлекеттік мереке болып табылады және жыл сайын 16-17 желтоқсанда аталып өтіледі.

2006 жылы Желтоқсан оқиғасының 20 жылдығына орай Алматыда 1986 жылғы тарихи оқиғаға құрмет ретінде «Тәуелсіздік таңы – Азаттық таңы» ескерткіші орнатылды. Сәтбаев-Желтоқсан көшелерінің қиылысында бой көтерген ескерткіш ерлік пен табандылықтың, сенім мен үміттің символына айналды. Желтоқсан оқиғасынан кейін Қазақстанның қол жеткізген тәуелсіздігі мемлекеттің тәуелсіздік алып қана қоймай, әлемде абыроймен бәсекеге түсіп, болашағын еркін басқара бастағанын көрсетті.

«Ұлттық рухтың асқақтауы» атты кітап көрмесі екі бөлімнен тұрады. «Желтоқсан: аңыз бен ақиқат» атты бірінші бөлімде Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының қорларынан: энциклопедиялар, өмірбаяндық анықтамалықтар, 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасын бейнелейтін кітаптар ұсынылған. Одан әрі көрмеге қатысушылар туралы құжаттар, қазақстандық ғалымдардың ғылыми зерттеулері, баяндамалары мен сөйлеген сөздері, республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциялардың материалдары қойылған.

Кітап көрмесінің «Желтоқсан оқиғасы – Тәуелсіздік бастауы» атты екінші бөлімінде осы кезеңнің ел тарихындағы қасіретті беттерін баяндайтын кітаптар, тарихшылардың еңбектері, авторлардың мақалалары қойылған.

Кітап көрмесінің мақсаты – әрбір қазақстандықтың тағдырында бетбұрыс болған Желтоқсан оқиғасын көрсететін материалдармен оқырмандарды таныстыру және өскелең ұрпақтың бойына  отансүйгіштік сезімін ұялату.

Сіздерді кітап көрмесіне шақырамыз!

Кітап шоу - 2024