+7 (727) 267-28-83

даурен абиров

Өнер бөлімінің оқу залында балет әртісі, тұңғыш кәсіби қазақ бишісі, балетмейстер, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері және халық әртісі, педагог Дәурен Тастанбекұлы Әбіровтың 100 жылдығына арналған «Алғашқы қазақ балетмейстері»  атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.

Дәурен Тастанбекұлы Әбіров 1923 жылы 6 қазанда Жамбыл облысында дүниеге келген. Ол Алматы хореографиялық училищесін және А.В. Луначарский атындағы Мәскеу мемлекеттік театр өнері институтының балетмейстер бөлімін тәмамдаған. Хореографиялық училищені бітіргеннен кейін Дәурен Әбіров Шекара әскерлерінің ән-би ансамблінде өнер көрсетеді (1942-1946), ал ГИТИС-ті бітіріп, балетмейстер (1952-1958), кейін Абай атындағы опера және балет театрының (1958-1966) және Қазақконцерттің (1976-1984) бас балетмейстері болып жұмыс жасай бастайды.

Дәурен Әбіров Е.Г. Брусиловскийдің «Дударай», «Қыз Жібек», «Жалбыр»; М.Төлебаевтың «Біржан-Сара»; А.Аданның «Жизель»; Б. Асафьевтің «Бақшасарай бұрқағы», сондай-ақ, В.Великановтың «Қамбар-Назым»; Е.Брусиловскийдің «Қозы Көрпеш-Баян сұлу»; А.Жұбановтың «Ақ құс туралы аңыз»; Ч.Пуньидің және Р. Глиэраның «Эсмеральда»; А.К.Глазуновтың «Раймонда»; А.Меликовтың «Фархад пен Шырын»; Ф.Яруллиннің «Шурале» балеттерін; «Біржан-Сара», «Қамар сұлу», «Айсұлу» опералық-драмалық спектакльдеріндегі және «Девушка-джигит», «Біздің сүйікті дәрігер» фильмдеріндегі билерді қойды.

1984 жылдан Алматы театр және кино институтында сабақ беріп, ғылыми қызметпен айналысты. «Қазақтың халық билері» және «Қазақ биінің кәсіби сахнада қалыптасуы мен дамуы» сияқты кітаптар мен зерттеу жұмыстарын жазды.

Дәурен Әбіров Қазақстан Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен (1988), Еңбек Қызыл Ту орденімен және медальдармен марапатталған.

Көрменің мақсаты – оқырмандарды балет өнерінің тарихымен, дамуымен және биші, көрнекті тұлға Дәурен Тастанбекұлы Әбіровтың өмірімен таныстыру.

Кітап көрмесіне Д.Әбіровтың өмірі мен шығармашылық жолын ашатын: «Балет: энциклопедия»; «История казахского танца»; «Қазақ билері», «Страницы казахского балета», «Балетное искусство Казахстана»; «Қазақтың халық билері», «Хореография Казахстана» және т.б. кітаптар қойылды. Оқырмандарға мерзімді басылым беттерінде суреттелген биші өмірі туралы сұхбаттар мен әңгімелер де ұсынылады.

Кітап шоу - 2024