+7 (727) 267-28-83

фотооо 2

«Қазақстан кітаптары» қызметінің О. Жандосов атындағы оқу залында белгілі қазақ жазушысы, аудармашы Герольд Карлович Бельгердің өмірі мен шығармашылығына арналған «Үш ұлттың төл перзенті» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.

Герольд Бельгер 1934 жылы Саратов облысының Энгельс қаласында дүниеге келген. 1941 жылы Бельгердің отбасы Солтүстік Қазақстан облысына жер аударылды. Ол қазақ ауылында өскен, қазақ орта мектебінде оқыған. Одан кейін 1958 жылы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының филология факультетін бітірген.

Институтты аяқтағаннан кейін орыс тілі пәнінің мұғалімі, кейіннен 1964 жылдан бастап «Жұлдыз» әдеби журналында жазушы, аудармашы болып қызмет атқарды. 1971 жылдан - Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, 1992 жылдан бері неміс тіліндегі «Феникс» антологиясы бас редакторының орынбасары, 1994–1995 жылдары - Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің депутаты. Қазақстан немістері кеңесінің, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік саясат жөніндегі ұлттық кеңестің, Қазақстан Республикасы ЮНЕСКО істері жөніндегі комиссиясының мүшесі, бірқатар әдеби журналдардың редакциялық алқасының мүшесі болған.

 Белсенді шығармашылық және қоғамдық қызметі үшін Г.Бельгер «Парасат» (1994), 2-дәрежелі «Достық» ордендерімен, «Бейбітшілік және рухани келісім үшін Президент сыйлығымен» (1992), «Германия Федеративті Республикасына сіңірген еңбегі үшін» (2010) марапатталған. Еңбек сіңірген мәдениет қайраткері. Б. Майлин атындағы Қазақстан Жазушылар одағы сыйлығының (1988), тәуелсіз «Тарлан» сыйлығының лауреаты. 

2016 жылы ҚР Ұлттық кітапханасының «Қазақстан кітаптары» оқу залында белгілі жазушы Г. Бельгердің есімін мәңгі есте қалдыру және шығармашылық мұрасын кеңінен насихаттау мақсатында мемориалдық кабинет ашылды. Кабинетінің ішінде жазушының жеке заттары сақталған.

Қазақ әдебиетінің классиктері Б. Майлиннің, Ғ. Мүсіреповтің, Ә. Нұрпейісовтің және т.б. шығармаларын орыс тіліне аударған.

«Үш ұлттың төл перзенті» атты кітап көрмесі екі бөлімнен тұрады. «Герольд Бельгер - қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі»  атты бірінші бөлімде Герольд Карлович Бельгердің өмірі мен қызметі туралы энциклопедиялар, өмірбаяндық анықтамалықтарды  ұсынады.

«Рухы биік қаламгер»  атты екінші бөлімде жазушының  қазақ, неміс және орыс мәдениетінің дәстүрлерін жинақтаушы мұрасы ретінде тағылымға толы мол жазбалары ұсынылған. Атап айтқанда, «Сосновый дом на краю аула» (1973), «Чайки над степью» (1976), «Земные избранники» (Гёте, Абай) (1995), «Казахское слово» (2001), «Гармония духа» (2003), «Ода переводу» (2005), «Избранные произведения» (2009-2010), «Казахские арабески» (2014) және т.б. шығармалары таныстырылады.

Оның шығармалары адами қарым-қатынастың терең мағынасына, туған өлкеге деген ерекше сүйіспеншілікке, жоғары азаматтық ұстаным мен патриотизмге толы.

Көрменің мақсаты: Қазақстан халқының әдебиеті мен мәдениетінің өркендеуіне, қазақ тілінің қарқынды дамуына елеулі үлес қосқан көрнекті қазақстандық жазушы Г.Бельгердің өмірі мен шығармашылығы туралы әңгімелеу.

 

            Кітап көрмесіне шақырамыз!

Кітап шоу - 2024