+7 (727) 267-28-83

шәкенНиязбеков

Өнер бөлімінің оқу залында монумент-суретші, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, ҚСРО Суретшілер одағының мүшесі, Қазақстандағы дизайн өнерінің негізін қалаушылардың бірі, Қазақстан мемлекеттік туының авторы Шакен Оңалсынұлы Ниязбековтің 85 жылдығына арналған «Тылсым өнердің танымгері» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.

Шәкен Оңалсынұлы Ниязбеков 1938 жылы 12 қарашада Тараз қаласында дүниеге келген.

В.Мухин атындағы Ленинград жоғары көркемсурет-өнеркәсіп училищесін (1966) бітірген. 1963-1966 жылдары Санкт-Петербург қаласындағы Бүкілодақтық электр жабдығын өңдеу ғылыми-зерттеу институтының суретші-конструкторы; 1966-1968 жылдары Қазақ КСР ХШЖК-ның суретшісі; 1968-1982 жылдары Алматы қаласының бас суретшісі; 1982-1986 жылдары Қазақстан Суретшілер одағы басқармасының төрағасы; 1987 жылдан Алматы қаласының бас суретшісі қызметтерін атқарды. Студент бола жүріп Эрмитаждағы, Исаков соборындағы және Петр сарайын қалпына келтіру жұмыстарына қатысты.

Ш.Ниязбековтің туындылары: Тараздағы Ш.Уәлиханов атындағы кинотеатрдың кешенді дизайны (1979 жыл, А.Симонов және В.Кузьминмен бірге), «Волокалам бағытында. Генерал-майор И.Панфилов және комбат Б.Момышұлы» (1985 жыл), Оның «Құрманғазы», «Көбік шашқан», «Исатай Тайманов», «Абай», «Шоқан Уәлиханов», «Мұхтар Әуезов», «Сырым Датов», «Жамбыл», «Солдат из Казахстана», «Материнство», сияқты көркемсурет полотнолары да кеңінен танымал. 1992 жылы ол Қазақстан, ТМД, Германия, Монғолия елдерінен 1200-ге тарта суретші қатысқан байқауларда жеңіп шыққан.

Шебердің наградаларының ішінде –1961 жылы – «Глобус» теледидарының дизайны үшін Чехословакиядағы Халықаралық дизайнерлер байқауынан алған медалі, 1964 жылы Ленинградта өткен «Бейбітшілікті қолдаймыз!» атты плакаттар байқауынан бірінші орын, 1967 жылы Монреал қаласындағы «ЭКСПО-67» қатысушысы, 1982 жылы Алматы қаласындағы Республика алаңын көркемдік безендіруге арналған байқаудағы бірінші орын, сондай-ақ, патриот Бауыржан Момышұлының зиратына қойылған құлпытас пен Алматы қаласының елтаңбасын да жатқызуға болады.

Суретші «Құрмет», «Парасат» ордендерімен, «Астана», «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл», «Қазақстан Конституциясына 10 жыл» медальдарымен марапатталған.

Көрменің мақсаты - оқырмандарды мемлекеттік рәміздердің тарихымен таныстыру және суретші Шәкен Ниязбековтің көрнекті тұлғасымен және өмірімен таныстыру.

Кітап көрмесінде өмір, шығармашылық және педагогикалық жолдарды ашатын кітаптар ұсынылған. «Художники Казахстана»; «Союз художников Республики Казахстан 1933-1991»; «Қазақстанның монументтік өнері»; «Мемлекеттік рәміздер»; «Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері тәуелсіздік нышандары»; «Қазақстан Республикасы рәміздерінің қалыптасу тарихы»; «Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің музейі»; Сондай-ақ, оқырмандарға мерзімді басылымдар беттерінде сипатталған ұлы суретшінің өмірі, оның шығармашылығы туралы сұхбаттар мен әңгімелер қызықты болмақ.

 

Кітап шоу - 2024