+7 (727) 267-28-83

абай күні

10 тамызда Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының кіреберіс алаңында Абайдың туған күніне арналған «Өлең – сөздің патшасы...» атты ауқымды дәстүрлі мерекелік іс-шара өтті

Іс-шараның мақсаты – қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының әдеби мұрасын сақтау және насихаттау, өскелең ұрпақтың бойында отаншылдық сезімін қалыптастыру, дарынды жастарды айқындау және қолдау, олардың көркемдік талғамын, дүниетанымын кеңейту және халықтың рухани дамуына жәрдемдесу.

Қонақтарды халық күйлерін орындаған жас домбырашылар оркестрі қарсы алды. Іс-шараны ҚР Ұлттық кітапханасының директоры Б.Оспанова салтанатты түрде ашып, барлық  қатысушыларды Абай күнімен құттықтады. Сөз соңында Б.Оспанова ҚР Ұлттық кітапханасының «Құрметті оқырманы» Д.Ысқақ пен «Ең жас оқырман»  Икрам Арунаға Куәлік, ал қатысушыларға кітаптар мен алғыс хаттар табыс етілді.

Салтанатты іс-шара модераторы - Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы төрағасының орынбасары Бейбіт Сарыбай.

Құттықтау сөзбен Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Құлкенов Мереке Әбдешұлы, М.О. Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының директоры Матыжанов Кенжехан Ісләмжанұлы сөз сөйледі.

Филология ғылымдарының докторы, профессор, әдебиеттанушы, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі Жанқара Дәдебаев кітапханаға Абай туралы кітаптарды сыйға тартты.

М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық академиялық драма театрының актері, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Болат Әбділманов дана Абай рөлін сомдап, «Абай» пьесасынан үзінді оқыды.

Алматы гуманитарлық-экономикалық университетінің студенттері «Абайдың Иманигүлі» қойылымын қойып, №59 мектеп-гимназиясының «Шолпан жұлдыздары» би ансамблі мың бұралған билерін ұсынды. Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясының әртісі, халықаралық байқаулардың лауреаты Біржан Бәзілжан Абайдың «Желсіз түнде жарық ай», «Сегіз аяқ» әндерін орындады.

Жас ақындар: Айдана Бейсен, Думан Кеңесов, Асылан Қуаныш өз өлеңдерін оқыды. «Алатау» дәстүрлі өнер театрының әншісі Ағлақова Ұлжан «Елге сәлем», «Майдақоңыр» халық әндерін орындады. Алматы гуманитарлық-экономикалық университетінің студенті Дүзелбаев Жомарт пен №178 мамандандырылған лицейдің 8-сынып оқушысы Фархат Сәуле Абайға арнаған өлеңдерін оқыды.

Ал, шара соңында ҚР Ұлттық кітапханасының жас мамандары Абайдың «Көзімнің қарасы» әнін орындады.

Шараның жалғасы кітапхананың Абай әдеби орталығындағы оқу залында өтті. Алматы қаласының қонақтары, ұстаздары, кітапханашылары Қазақстанның белгілі ақын-жазушылары: Н.Қуантайұлы, А.Қайырбековпен кездесіп, Абайдың ұлылығын, шығармашылығын сөз еткен Қ.Матыжанов, Д.Ысқақ, А.Осман сынды әдебиет жанашырларымен сыр шертті. «Қазақстан кітаптары» қызметінің топ жетекшісі М.Ж. Ақбаева шара қонақтарын Абай әдеби орталығының жұмысымен таныстырып,  кітап көрмесіне шолу жасады.

абай1   абай2   абай3   абай4   абай5
абай6   абай7   абай8   абай9   абай10

 

Кітап шоу - 2024