+7 (727) 267-28-83

акансері

Өнер бөлімінің оқу залында қазақ халқының белгілі ақыны, сазгер, әнші Ақан серінің туғанына 180 жыл толуына орай «Алты Алаштың серісі – Ақан сері Қорамсаұлы» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.

Ақан Қорамсаұлы 1843 жылы Көкшетау облысының Қоскөл ауылында дүниеге келген. Ақан бастауыш білімін ауылда алып, кейін қызылжарлық Ахметуәли молдадан дәріс алады. Ақанның әкесі мұсылманша сауаты бар баладан ауыл молдасын жасауды жоспарлаған. Бірақ бала кезінен домбыра шертетін, ән мен жырға құмар Ақанның ойлары дінмен мүлдем байланысты емес еді. Оны түрлі себептермен жастардың ойын-сауық үшін жиналатын жерлері қызықтырды. Ұзын бойлы, сымбатты, дарынды жігітті құрметпен қарсы алатын. Жас Ақанның талантын көрген алыстағы ағайындар оған Құлагер есімді екі жасар жылқы, Қараторғай атты бүркіт, Көкжендет атты сұңқар сыйлады. Жігіттің сол кездегі дала өміріндегі керемет серіктері: жүйрік ат, жыртқыш құс, құмай тазы болды. Осылар «сері» деген құрметті атақтың  белгілері болатын.

Ақан 16–17 жасында музыка мен өлең шығара бастаған. Оның алғашқы шығармаларында махаббат тақырыбы басым болды. Оның ең танымал лирикалық әндері: «Ақ көйлек», «Қаранар», «Перизат», «Ақтоқты» және т.б.

XIX ғасырдың 90-шы жылдарында Ақан серінің әндері қазақ халқының сүйіспеншілігіне бөленді. Осы кезеңде жазылған оның көптеген әндері қазақтың ауыр тағдырына арналған. Автор әндерінде діни қызметкерлер мен бай-феодалдардың өкілдерін сынға алады. Ақан сері «Балқадиша» жырында қалай болса да қожайынының ықыласына жетуге ұмтылатын байлар мен сұлтандардың жағымпаздығы мен екіжүзділігін келемеждеді. Сол жылдары Ақан серінің айтысқа белсене қатысқаны байқалады.

Ақан сері өмірінің соңғы жылдарындағы шығармаларының басты тақырыбы – жалғыздық, адамның туған жерге деген сағынышы. Бұл кезеңдегі ең елеулі әндер «Мыңажат» және «Қаратай». Ақан сері артына қазақ халқының музыкалық-поэтикалық мол мұрасын қалдырған дарынды композиторларының бірі болып саналады. Ақан сері шығармалары арқылы қазақ композиторлары мен орындаушыларының бір емес, бірнеше буыны тәрбиеленді. Ақынның сан қырлы таланты музыкалық ән өнерінің жанрлық-тақырыптық алуандығын пайдалана отырып, өз заманының шындығын бейнелеуге мүмкіндік берді. Ақан серінің көптеген әндері операларда, қазақ композиторлары мен жазушыларының пьесаларында қолданылады, қазіргі әншілер мен өнер қайраткерлерінің репертуарынан лайықты орын алады. 1993 жылы ақынның 150 жылдық мерейтойына орай Қоскөл көлінің жағасынан Ақан серінің заманауи жаңа ауылы мен Ақанға мемориалдық ескерткіш-кешен бой көтерді. Көкшетау қаласында да оның құрметіне ескерткіш орнатылып, Пролетарская көшесі Ақан сері көшесі болып өзгертілді. 2010 жылы елорда маңындағы Шортанды ауданында ақынның атақты жылқысы Құлагерге ескерткіш ашылды. 2020 жылы Солтүстік Қазақстан облысы Петропавл қаласындағы облыстық филармонияға Ақан серінің есімі берілді.

Көрменің мақсаты шығармалары қазақ халқының музыкалық қазынасына енген ұлы суырып салма ақын - Ақан серінің шығармашылық мұрасын дәріптеу.

Кітап көрмесінде: «Ақан сері Қорамсаұлы»; Ақан сері «Өлеңдері, нақыл сөздері, әзіл-сықақ қағытпалары, айтыстары», «Маңмаңгер»; С.Жүнісов «Ақан сері. Роман»; Т.Б. Қастеева «Ақан сері шығармашылығы және Орталық Қазақстандағы сал-серілік дәстүр»; С.Негимов «Қазақтың сал-серілері»; Т.Қоңыратбай «Әлемдік музыка тарихы» және т.б сияқты энциклопедиялар, кітаптар ұсынылған.

Сондай-ақ, оқырмандар назарына мерзімді басылымдардағы мақалалар, музыкалық жинақтар, шығармалар, ақынның винилді күйтабақтарға жазылған әндері мен күй жазбалары ұсынылады.

Кітап көрмесіне шақырамыз!

Кітап шоу - 2024