+7 (727) 267-28-83

31мамыр

«Қазақстан кітаптары» қызметінің Ораз Жандосов атындағы оқу залында Қазақстанда жыл сайын 31 мамырда атап өтілетін саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне арналған «Зобалаң жылдар жаңғырығы»  атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.

1930 жылдардың басындағы ұжымдастыру және аштық - кеңестік республикалардың ең ауыр кезеңдерінің бірі болды. Қазақстанда дала көшпенділерін өнеркәсіптік және отырықшы-ауылшаруашылық елге айналдыру жөніндегі тәжірибесі халықтың төрттен бірінің, миллионнан астам босқындардың қаза болуы және экономиканың толығымен құлдырауына әкеп соқты. Қазақ халқы еліміздің генофондына орасан зор зиян келтірген ашаршылықты бастан өткерді. Отандық шежіренің тағы бір қаралы  беттерінің  бірі - саяси қуғын-сүргін.

Көрменің мақсаты – жастардың санасына, келешек ұрпаққа дәуірдің қайшылықты болмысын жеткізу, қиыншылыққа ұшыраған адамдардың рухани төзімділікпен ертеңгі күнге деген  сенімділігін ұғындыру. Өздері іргетасын қалаған қоғамның бет-бейнесін ашу.

Кітап көрмесі үш бөлімнен тұрады. "Датталу мен ақталу" атты бірінші бөлімде қарастырылып отырған тақырыптың «ақтаңдақ тұстары» туралы айшықталған дереккөздер мен материалдарға ерекше мән берілген. Сол жылдардағы саяси қуғын-сүргіннің қатыгез, мағынасыз сипатын түсінуге мүмкіндік беретін және қиын да сұрапыл кезең – сталиндік культ, заңсыздық пен қуғын-сүргін жылдары туралы мәліметтерді қамтитын Қазақстандағы ірі лагерьлер жайында кітаптар ұсынылды. Сондай-ақ, Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының Ғылыми кеңесі баспадан шығаруға ұсынған ХХХІІІ томдық  «20 ғасырдың 20-50 жылдарындағы саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның материалдары» атты ғылыми еңбек ұсынылған.

«Алаш ұлағаты» деп аталатын екінші бөлімі оқырмандарды қазақтың озық зиялылары – «Алаш» қозғалысы өкілдерінің тағдырын көрсететін материалдармен таныстырады. Сондай-ақ, қуғын-сүргінге ұшыраған адамдардың ерекше табандылығы мен еліне деген адалдығын көрсететін құжаттар мен материалдар жинақтары кең форматта қойылған. Ұлттық мемлекеттілікті қалыптастырудың негізін қалаған қазақтың көрнекті қайраткерлерінің бірегей еңбектерінің алатын орны ерекше. Бұл Қозғалыс ХХ ғасырдың басында пайда болып, қазақ халқының ұлт-азаттық күресінің шыңына айналды. Қазақ демократиясының бастауында Алаш партиясы тұрды.

«Тәуелсіздік тамырлары» атты үшінші бөлімде қуғын-сүргін құрбандары ұрпақтарының естеліктерінен жинақталған кітаптар, олардың толық ақталуы туралы деректі материалдар берілген. Қазақстандағы саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні қазақ халқының өткенін ой елегінен өткізіп, тарихымыз бен тәуелсіздігімізді  бағалауға үндейді.

Сіздерді кітап көрмесіне шақырамыз!