+7 (727) 267-28-83

К.Ж. Токаев

«Қазақстан кітаптары» қызметінің О.Жандосов атындағы оқу залында ҚР Президенті, саяси ғылымдар докторы, дипломат Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың 70 жылдығына арналған «Ел тізгінін ұстаған қайраткер» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.

Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев – ҚР Президенті. ҚР Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы. ҚР Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасы. Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы. Төтенше және Өкілетті Елші. Саяси ғылымдар докторы. Дүниежүзілік гуманитарлық және жаратылыстану ғылымдары академиясының белсенді мүшесі.

Кітап көрмесі үш бөлімнен тұрады. «Тұғыры биік тұлға» атты бірінші бөлімінде Қасым-Жомарт Тоқаевтың өмірі мен шығармашылығы туралы материалдар көрсетіледі. 1953 жылы 17 мамырда Алматы қаласында дүниеге келген. 1975 жылы Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтын бітірген, Қытайдағы КСРО елшілігінде диплом алдындағы тағылымдамадан өтіп, 1983-1984 жж. Бейжің лингвистикалық институтында білім алған. 1992 жылы РФ Сыртқы істер министрлігінің Дипломатиялық академиясын бітірген.

Еңбек жолын 1975 жылы КСРО Сыртқы істер министрлігінен бастап, Сингапур Республикасындағы Кеңес Одағының Елшілігіне жұмысқа жіберілді. 1984-1985 жж. КСРО Сыртқы істер министрлігінде қызмет атқарып, кейін Бейжіңде 1991 жылға дейін кеңесші болып жұмыс атқарды. 1992 жылы ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары, кейіннен министр болып тағайындалды. 1999 жылғы қазан айында ҚР Премьер-Министрі болып тағайындалды. 2003-2007 жж. ҚР Сыртқы істер министрі қызметін атқарған. Осы лауазымда ол ядролық қаруды таратпау жөніндегі жаһандық үдеріске белсенді қатысты. 2007 жылы ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы, 2008 жылы ҚР Парламенті Жоғарғы палатасының спикері, ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының вице-президенті болып сайланды. 2011 жылы БҰҰ Бас хатшысының орынбасары, БҰҰ-ның Женевадағы бөлімшесінің бас директоры болып тағайындалды, Қарусыздану жөніндегі конференцияда Бас хатшы қызметін атқарды. ТМД, Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Еуразиялық экономикалық қоғамдастық Сыртқы істер министрлері кеңесінің төрағасы болып сайланды. Түрлі елдердегі университеттердің, соның ішінде РФ Сыртқы істер министрлігі Дипломатиялық академиясының және Қытайдың Шэньчжэнь университетінің құрметті профессоры, Женева дипломатия және халықаралық қатынастар мектебінің құрметті деканы. 5 тілде еркін сөйлейді: қазақ, орыс, ағылшын, қытай және француз. 2013 жылы Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы болып қайта сайланды. 2019 жылы ол ресми түрде Мемлекет басшысы қызметіне кірісті.

Көрменің «Жаңару мен жаңғыру жолы» атты екінші бөлімі оқырмандарды Қ.-Ж.Тоқаевтың шығармаларымен таныстырады. Ол халықаралық мәселелер бойынша кітаптар мен мақалалардың авторы, соның ішінде: «Как это было: хроника волнений в Пекине (04.1989-06.1989)» (1993), «Организация Объединенных Наций: полвека служения миру» (1995), «Под стягом независимости» (1997), «Внешняя политика Казахстана в условиях глобализации» (2000), «Дипломатия Республики Казахстан» (2001), «Слово об отце» (2005), «Он делает историю» (2010)  және т.б.

«Жаңа дәуір – жаңа тұлға» атты үшінші бөлімде оның әлемдік дипломатия мен саясат саласындағы қызметінің түрлі қырларын ашатын материалдар мен кітаптар, тарихи-публицистикалық мақалалар мен очерктер ұсынылды.

«Ел тізгінін ұстаған қайраткер» атты кітап көрмесінің мақсаты – Қ.-Ж. Тоқаевтың өмірімен және шығармашылығымен таныстыру, Мемлекет басшысының тарихтағы қазақстандық мемлекеттілік және халықаралық дипломатияның дамуындағы және қалыптасуындағы рөліне, оның ғылыми еңбектері мен жетістіктеріне оқырман назарын аудару.

Қасым-Жомарт Тоқаев ҚР-ның және шет мемлекеттердің көптеген мемлекеттік сыйлықтармен, сондай-ақ «Парасат» (1996), «Достық» (2004), «Достастық» (2007), «Отан» (2014), «Құрмет» ордені (2017), Қазақстан Президенті ретінде ерекше үлгідегі «Алтын Қыран» (2019), «Дуслық» (2022) және т.б. марапатталған.

Кітап көрмесіне шақырамыз!