+7 (727) 267-28-83

kabilisa7 шілдеде ҚР Ұлттық кітапханасының Үлкен залында «Қабылиса. Қабан жырау. Тарақ таңбалы арлан» атты танымдық кітаптың тұсаукесері және «Тарақ таңбалы тарлан» атты Халықаралық жыр мүшәйрасының қорытынды кеші – марапаттау рәсімі өтті.

Мүшәйраның мақсаты ― Жампоз жыраудың ғұмыры мен шығармашылығын насихаттау, ұлы тұлғаның баһадүр болмысы мен терең тағылымдарына тағзым ету, Қазақ елінің тәуелсіздігі мен тұтастығын дәріптеу, ұлттың жаңа болмысын қалыптастыру және рухани құндылықтарды ұлықтау, елдік пен ерлікті, рух пен руханиятты жыр арқауына айналдыру, қазіргі қазақ әдебиетіне қолдау көрсетіп, заманауи қазақ поэзиясының беделін  арттыру.

Іс-шараны Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын, аудармашы Ержан Алаштуған жүргізді. 

Мүшәйрада:  бас жүлдені қазақтың көрнекті ақыны, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері Несіпбек Айтұлы иеленді.

Бірінші, екінші, үшінші орындар (Жолбарыс, Ескелді, Балпық билер атындағы сыйлықтар, үш жүлдегер), атаулы сыйлықтар Бекбауыл датқа, Орақты батыр, Керімқұл шешен, Таутан ақын, Тезек төре, Бақтыбай Жолбарысұлы, Сүйінбай Аронұлы, Мәулімбай Саяқбаев, Қалқа Жапсарбаев, Жұматай Жақыпбаев, Бек Тоғысбаев, Тұрсынзада Есімжанов атындағы сыйлықтар және он екі сыйлық —  табысталды.   

Сонымен қатар, ҚР Ұлттық кітапханасының директоры Оспанова Бақытжамал Қайырбекқызы Ұлттық рухани құндылықтарды ұлықтап, төл әдебиетке сіңірген ерен еңбегі үшін «Қабан жырау» медалімен марапаталды және кітапхана ұжымына диплом табыс етілді.

         Қатысушылар: ақын-жаушылар, журналистер және оқырман қауым.