+7 (727) 267-28-83

қуғын сүргін

«Қазақстан кітаптары» қызметінің Ораз Жандосов атындағы оқу залында Қазақстандағы саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне арналған «Зобалаң жылдар жаңғырығы» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.

Қазақстанда жыл  сайын 31 мамырда саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні аталып өтіледі, бұл Қазақстан тарихындағы миллиондаған адамдардың өліміне әкеп соққан жаппай саяси қуғын-сүргін мен жантүршігерлік ашаршылықтың ең қасіретті беттерінің бірі.

Жаппай саяси қуғын-сүргін – Қазақстан тарихындағы ең қайғылы оқиғалардың бірі. Кеңес билігі елді іс жүзінде бір үлкен түрмеге айналдырды. Қазақстан аумағында ГУЛАГ құрылымының ең ірі лагерлері – АЛЖИР, СТЕПЛАГ, КАРЛАГ болды. Саяси қуғын-сүргін толқыны қазақ зиялыларының талай өкілдерін жойды. Қазақ халқының сан ғасырлық тарихындағы ең қасіретті құбылыстардың бірі – 1930 жылдардағы «Ұлы жұт» – «Ұлы ашаршылық». Қазақстан көп адамның өмірін қиған теңдессіз әлеуметтік эксперименттің алып сынақ алаңына айналды. 1930-1940 жылдары Қазақстанға халықтарды жаппай жер аудару да орын алды. Олардың саны 1 миллион 200 мың адамды құрайды.

Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні Қазақстанда саяси қуғын-сүргін құрбандары мен зардап шеккендерге арналған: қуғын-сүргінге ұшырағандардың ескерткіштеріне гүл шоқтарын қою, кітапханаларда фото және кітап көрмелері, кинотеатрларда деректі фильмдер көрсету, оқу орындарында «Еске алу сабақтары» және т.б. сияқты іс-шаралар өткізіледі.

«Зобалаң жылдар жаңғырығы» атты кітап көрмесінде сол кезеңдегі тоталитарлық жүйенің жазықсыз құрбаны болған қайғылы оқиғалар мен деректер көрсетілген. ҚР Ұлттық кітапханасының қорынан ұсынылған деректі материалдар сол жылдардағы саяси қуғын-сүргіннің қатыгез, мағынасыз сипатын түсінуге мүмкіндік береді.

Көрменің мақсаты – оқырмандарды Қазақстанның 1920-1950 жылдардағы ең қасіретті кезеңдерінің тарихымен таныстыру және жастардың бойында патриоттық сезімді қалыптастыру, қуғын-сүргін құрбандарын еске алып, қазақ халқының тарихи өткеніне құрметпен қарау.

Кітап көрмесіне шақырамыз!