+7 (727) 267-28-83

Безымянный77

Ө.М. Сұлтанғазин атындағы ғалымдар залында көрнекті ғалым, сыншы, әдебиеттанушы, филология ғылымдарының докторы Серік Смайылұлы Қирабаевтың туғанына 95 жыл толуына арналған «Қазақ әдебиетінің сындарлы сыншысы» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.

Қирабаев Серік Смайылұлы 1927 жылы 23 наурызда Қарағанды ​​облысы Жаңаарқа ауданының Атасу ауылында дүниеге келген. 1951 жылы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының филология факультетін бітірген. 1951 жылы институтты бітіргеннен кейін аспирантурада оқып, Қазақ мемлекеттік көркем әдебиет баспасында аға редактор, «Әдебиет және өнер» журналында бөлім меңгерушісі қызметтерін атқарды.

 

1952-1955 жылдары - «Пионер» журналының редакторы, 1955-1958 жылдары «Социалистік Қазақстан» газетінің меңгерушісі, редакция алқасының мүшесі. 1958 жылдан бастап Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтында 30 жыл бойы филология факультетінің доценті, профессоры, деканы, қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі, институт ректорының оқу-ағарту ісі жөніндегі  орынбасары қызметтерін атқарды. 1988-1995 жылдары М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры, кейін бөлім меңгерушісі болды. Филология ғылымдарының докторы (1964), профессор (1966), КСРО Педагогика ғылымдары академиясының корреспондент-мүшесі (1968), ҚР ҰҒА-ның академигі (1994), Қазақстанның және Қырғызстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері (1977, 1995), ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты (1996).

С. Қирабаев 700-ге жуық ғылыми және әдеби-сыни еңбектердің, оның ішінде 40 монографияның, 20 оқулық пен оқу құралдарының авторы. 800-ден астам әдеби-сыни ғылыми мақалалары жарық көрді. Оның қазақ әдебиетінің өзекті мәселелеріне арналған мақалалары мен шолулары 1948 жылдан бері жарияланып келеді. Жазушының еңбектері көптеген зерттеушілердің анықтамалығына айналды.

«Қазақ әдебиетінің сындарлы сыншысы» кітап көрмесінде С. Қирабаевтың өміріне қатысты материалдар: энциклопедиялар, өмірбаяндық анықтамалықтар және ол туралы әдебиеттер ұсынылды. Оның ғылыми қызметі туралы материалдар: «Сәкен Сейфуллин» (1962), «Революция және әдебиет. 2 томдық монография» (1977), «Жоғары мақсат. Ғылыми мақалалар, сыни очерктер» (1985), «Жүсіпбек Аймауытов» (1993), «Қазақ әдебиетіндегі ақтаңдақтар» (1995), «Қазақ әдебиеті. 19 ғасырдың екінші жартысы мен 20 ғасырдың басы» және т.б.

Кітап көрмесінің мақсаты – С. Қирабаевтың өмірімен және  шығармашылық қызметімен таныстыру, сонымен қатар қазақ әдебиеті мен халық педагогикасының дамуына сүбелі үлес қосқан танымал тұлғаға оқырмандар назарын аудару.

                                                                       Кітап көрмесіне шақырамыз!