+7 (727) 267-28-83

байгали

Өнер бөлімінің оқу залында Қазақ КСР-нің халық әртісі, опера әншісі театр режиссері, музыка пәнінің мұғалімі Байғали Досымжановтың 100 жылдығына арналған «Қазақ өнерінің саңлағы-Байғали Досымжанов» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.

 Байғали Досымжанов 1922 жылы 1 қаңтарда Семей қаласында дүниеге келген.  1939 жылы Алматы музыкалық училищесін бітірген. 1939-1941 жылдары П.И.Чайковский атындағы Мәскеу мемлекеттік консерваториясында оқыды, ал 1947 жылы Құрманғазы атындағы Алматы консерваториясын бітірді.              

1941 жылы Абай атындағы Қазақ опера және балет театрының әншісі. 1942 жылы Ішкі істер қызметкерлері ансамблінде, кейін шекарашылардың музыкалық-хореографиялық ансамблінде қызмет етті. 1944 жылдары Қазақ академиялық опера және балет театрында Е.Г. Брусиловскийдің «Қыз Жібек» операсында Төлеген, М. Төлебаевтың «Біржан мен Сара» операсында Біржан рөлдерін сомдады. А. Жұбанов пен Л. Хамидидің «Абай» операсындағы Абай рөлінде ойнаған алғашқы әртіс.              

Б. Досымжанов Қазақстанның ұлттық мәдениеті мен өнерінің дамуына зор үлес қосты. Досымжановтың әншілік өнері жарқын үн-бояуымен, өзіндік өрнегімен, терең тебіренісімен ерекшеленеді. Байғали Досымжанов халық әндерімен мен халық композиторларының әндерін насихаттады. Гастрольдік сапармен Германия Демократиялық Республикасында, Чехословакия Социалистік Республикасында, Польша Халық Республикасында, Вьетнам, Канада және т.б. елдерде өнер көрсетті.              

1960 жылдан бастап режиссерлік қызметпен айналысты. Дж. Вердидің « Маскарад балы», З.Г. Исмаиловтың «Құдаша», Е. Брусиловскийдің «Қыз Жібек», Қ. Байсейітовпен бірге «Алпамыс», Е. Рахмадиевтің «Қамар-сұлу» операларын қойды. 1975-76 жж. «Біржан мен Сара» және «Абай» операларын қайта қойды. Алматы консерваториясының опера әншілерін дайындау бөлімінің меңгерушісі болды. Талай жас таланттарды тәрбиелеп шығарды. 1964 жылдан бастап өмірінің соңына дейін – Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрының бас режиссері болды.              

Досымжанов Байғали Досымжанұлы екінші дәрежелі Сталиндік сыйлықтың лауреаты, үш мәрте Еңбек Қызыл Ту, «Парасат» ордендерімен марапатталған.              

Көрменің мақсаты – музыкалық шығармашылығын кеңінен насихаттау және қазақ опера әншісінің сан қырлы талантымен таныстыру.              

Кітап көрмесінде Б. Досымжановтың өмірін, шығармашылық және ұстаздық жолын баяндайтын кітаптар қойылды: С. Латиева «Хадиша мен Байғали», Ж.Рсалдин «Әнші бақыты», П.Момынов «Қазақ операсының даму жолдары», М. Төлебаев «Біржан мен Сара», В. Мессман «Возраждение песни», С.А. Күзембай, Г.Ж. Мұсағұлова, З.М. Қасымова «Қазақ опералары», «Қазақ сахнасы шеберлері» және т.б. Сондай-ақ, оқырмандар Байғали Досымжановтың орындауындағы әндерді күйтабақтан тыңдай алады.   

Сіздерді кітап көрмесіне шақырамыз!