+7 (727) 267-28-83

 

ЖС

30 қараша «Қазақстан кітаптары» қызметінің Ораз Жандосов атындағы оқу залында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында белгілі жазушы-болашақгер, Қазақстандағы сериялық ғылыми-болашақ романдардың тұңғыш авторы, Қазақстан Жазушылар одағы әдеби сыйлығының және Халықаралық «Байқоңыр» сыйлығының лауреаты  Жүніс Сақұрпағымен (Сахиевпен) оқырмандардың кездесуі өтті.

1971 жылы Ж.Сақұрпағы «Кеңістік көшпенділері» атты ортақ тақырыппен қазақ ғылыми-болашақгерлік жанрында авторлық ғылыми-болашақ романдарының сериясынан өзінің алғашқы «Тіршілік ұясы» романын жазды. Бүгінгі таңда осы серия аясында 14 жеке кітап шығарылып, қалың оқырманның қолына тиді. Автор өз шығармаларында адамның жұлдызды дүние кеңістігіндегі ғылыми-техникалық жетістіктерін көрсетіп, ізгілік пен әділетті бағындыру жолындағы кейіпкерлерінің тағдыры арқылы іс-әрекетке толы оқиғаларды ұсынып, оның дамуының нақты ғылыми дәлелдерін келтіреді. Жазушының романдары ғылыми танымға негізделген. Ж.Сақұрпағы кәсіби жазушы-болашақгер және астроном ғана емес, сонымен қатар астрономия мен басқа да жаратылыстану ғылымдарын насихаттаушы, қазақ және әлемдік ғылыми-болашақ жанры мен астрономия туралы ғылыми-танымдық мақалалардың авторы. Сондай-ақ, Ж.Сақұрпағы белгілі астрофизик ғалымдар М.М.Дагаев пен В.М.Чаругиннің «Астрофизика» (1996) және Е.П.Левитанның «Астрономия» (1998) оқулықтарын қазақ тіліне аударған.

Кездесу аясында Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының қорынан Ж.Сақұрпағының өмірі мен шығармашылығы, оның ғылыми-танымдық еңбектері, аудармалары мен ол туралы әдебиеттерден «Ғылым болашағының жазушысы» атты кітап көрмесі ұйымдастырылып, оның мерзімді басылымдар беттеріндегі мақалалары, фото-слайд көрсетілімі ұсынылды. «Қазақстан кітаптары» қызметінің топ жетекшісі М.Ж.Ақбаева жазушы Ж.Сақұрпағының өмірі мен шығармашылығын таныстырып, жоғары дәрежелі кітапханашы Г.К.Әлібекова кітап көрмесіне шолу жасады.

Іс-шараны «Көрмелер және мәдени бағдарламалар» қызметінің маманы Қарабаев Құрмет жүргізді. Шара жазушы-болашақгер Ж.Сақұрпағының шығармашылық қызметінің 50 жылдығына арналған. Жазушымен кездесу жаңа кітаптармен, кейіпкерлермен танысуға, шығармашылық кәсіптер туралы көбірек білуге, сонымен қатар қызықты пікірталасқа қатысуға мүмкіндік береді. Іс-шара қонақтары авторға сүйікті кітаптарының кейіпкерлері туралы қызықты сұрақтарын қойды. Жазушы өзінің ғылыми-болашақгерлік романдарының қалай жазылғанын әңгімелеп, шығармашылығына қатысты сан алуан сұрақтарға жауап берді. Жас кітапхана маманы Күмісбек Несібелі Ж.Сақұрпағының «Ғарыштан келген гүл» шығармасынан монолог оқып, Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясының 4-курс студенті Сәулетбай Бақтыбайұлы домбыраның сүйемелдеуімен қазақтың халық әндерін шырқады.

Іс-шараға Алматы қ. Қожа Ахмет Яссауи атындағы №123 мектеп-гимназиясының ұстаздары мен оқушылары және Алматы мемлекеттік политехникалық колледжінің оқытушылары мен студенттері, кітапхананың оқырмандары мен жас мамандары қатысты. Кездесуге қатысушылар Ж.Сақұрпағының шығармалығына зор құрметтері мен таңданыстарын білдірді.

ЖС1   ЖС2   ЖС3
ЖС4   ЖС5   ЖС6