27 қаңтарда Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты ҚР Ұлттық кітапханасының Н.Дәулетова атындағы залында Қазақ радиосының 100 жылдығына арналған «Қазақ радиосының ғылымда алатын орны мен зерттелуі» және қазақтың лирик ақыны Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдық мерейтойына орай «Ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың дикторлық жолы» атты ғылыми-тəжірибелік конференция өтті.
Ғылыми-тəжірибелік конференцияны ҚР Ұлттық кітапханасының директоры Б.Қ. Оспанова алғысөзбен ашты.
Іс-шараны модератор, айтыскер-ақын, Алматы қаласының Қазақ радиосының жетекшісі Б. Жағыпарұлы жүргізді.
Конференцияда «Шалқар» радиосының директоры, философия ғылымдарының кандидаты Б.К. Төлепберген, Алматы каналының бас директоры Н.Ж. Мұхамеджанова, Қалқаман-2 мешітінің бас имамы К.Қ. Мырзабаев және тағы басқалар Қазақ радиосының тарихы мен радио дикторлары, соның ішінде ақиық ақын Мұқағали Мақатаев жайлы, ұлттық радионың қоғамдағы орны мен ұлт руханиятындағы маңызы туралы талқылап, жылы лебіздерін білдірді. Сондай-ақ, ақын, журналист, баспагер, ғалым Т.М. Көпбаев, доцент, филология ғылымдарының кандидаты Ж.Әбдіжәділқызы, филология ғылымдарының докторы, профессор О.Ж. Ошанова және басқа да баяндамашылар өз ойларын ортаға салды. Шара аясында филология ғылымдарының докторы, профессор, академик Намазалы Омашевтың «Радио тарихы туралы» атты бейнеролик көрсетіліп, айтыскер ақын Талант Арғынғали Қазақ радиосының 100 жылдығына арнауын арнап, актер Әсет Иманғалиев Мұқағали Мақатаевтың өлеңдерінен шашу шашты.
Қазақ радиосының ардагерлері: Р. Құдайбергенова, Б. Атагелдиев, Т.Досбаев, А. Еңсебаев, А.Иманбаева, Г.Мұхамадиева, Ұ.Пармашқызы, А.Үрдебаева, Т.Түркістан, Р.Оразбақова және т.б. «Қазақ» радиосының тарихы мен радио ардагерлерінің шығармашылығы жайында сонымен қатар ақиық ақын М. Мақатаевтың шығармашылығы мен дикторлық жолын айтып өтті.
Шара аясында ҚР Ұлттық кітапханасының қорынан М. Мақатаевтың өмірі мен шығармашылығына арналған «Қазақ поэзиясының Хантәңірі» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.