+7 (727) 267-28-83

АсқарӘлібек

Ораз Жандосов атындағы оқу залында белгілі жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Әлібек Асылбайұлы Асқаровтың 70 жылдығына арналған «Алтайдың сырлы қаламгері» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды

Әлібек Асқаров 1951 жылы 24 қаңтарда Шығыс Қазақстан облысы, Катонқарағай ауданы, Черновая ауылында дүниеге келген. 1971-1973 жылдары Кеңес Армиясы қатарында болды. Алма-Ата көркемсурет училищесін (1975), С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін бітірген (1982).

Ә.Асқаров еңбек жолын 1975-1986 жылдары «Білім және еңбек» журналының (қазіргі «Зерде» журналы) әдеби қызметкері, кейін бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы болып бастаған.  1986-1991 ж. «Өнер» баспасының бас редакторы болса, 1992-2012 жылдар аралығында мемлекеттік қызмет атқарды. 1993-1998 жылдары Қазақстан Республикасы Баспасөз және бұқаралық ақпарат құралдары министрінің орынбасары, бірінші орынбасары, 2005-2012 ж. Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Бас инспекторы, орынбасары, ішкі саясат бөлімінің бастығы. 2012-2014 ж. Астана қаласындағы Ұлттық академиялық кітапхананың бас директоры, 2014-2016 ж. Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының бас директоры. 2016-2019 ж. Қазақстан Республикасы Ұлттық мемлекеттік кітап палатасының директоры, 2019 жылдан  ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты департаментінің Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының бас директоры қызметтерін атқарды.

Ә.Асқаров өзінің туындыларымен, еңбектерімен, қоғамдық жұмыстарымен, «Мәдени Мұра», «Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламаларына белсенді қатысуымен Қазақстан халқының мәдениеті мен өнерінің дамуына айтарлықтай үлес қосты.

Кәсіби баспагер, тәуелсіз Қазақстанның баспа және полиграфия саласын ұйымдастырушылардың бірі. Жазушының міндеті Отан мен туған жерді, ұлылық пен трагедияны, туған халқының бастан кешкен тарихын көркем шығармалар арқылы ұрпақ жадында жаңғырту десек, онда ол Әлібек Асқаровтың шығармашылығында толық жүзеге асады.

Туған жердің табиғаты, оның байлығын сақтау туралы кітаптардың авторы: «Горные красавицы» (1979), «В дебрях тайги» (1981), «Путешествие в зелёный мир» (1985), «Ранняя роса» (1989), «Өр Алтай, мен қайтейін биігіңді» (1997), «Родники рождаются в горах» (2001), «Манящая сила белоснежных вершин» (2004), «Социализм әңгімелері» (2006) «Алтай. Алтын бесік, ата жұрт» (2009), «И смех, и слезы, и любовь» (2009), «Батқан күннің бояуы» (2011),  «Озарение» (2011), «Қойға шапқан қара аю» (2015), «Страшный черный медведь» (2015), «Пестрые горы, снежные вершины» (2020). Жазушының шығармалары жоғары көркемдігімен, мазмұн байлығымен ерекшеленеді және оқырманды бейжай қалдырмайды.

Ә.Асқаров Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың кітаптарына арналған иллюстрациялардың және «Барс» Қазақстан - 2030 », «Абай - 150»  секілді  мемлекеттік эмблемалардың авторы. Жазушы шығармашылығының биік белесі болып табылатын, оқырман сүйіп оқитын «Стон дикой долины» романы. Шығармада қазіргі заманғы ауылдың өмірі, оның тұрғындарының бастан кешкен шытырман оқиғалары қызықты баяндалады. 2005 жылы роман Бейжіңдегі «Ұлттар» баспасынан жеке кітап болып басылып шықты.

Қазақстан Республикасының ғылым, техника және білім саласындағы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты (2001). «Парасат» (2014), II дәрежелі «Барыс» (2020) ордендерімен, «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 10 жыл» (2001), «Қазақстан Конституциясына 10 жыл» (2005), «Астананың 10 жылдығы» (2008), Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл» (2011), «Қазақстан Конституциясына 20 жыл» (2015), «25 лет Ассамблее народа Казахстана» (2015), БҰҰ Халықаралық Жазушылар Одағының «Ұлт мақтанышы» төсбелгілерімен марапатталған. Шығыс Қазақстан облысы Катонқарағай ауданының Құрметті азаматы (1998).

«Алтайдың сырлы қаламгері» кітап көрмесіне ҚР Ұлттық кітапханасы қорынан жазушының өмірі мен шығармашылығы туралы материалдар, оның мерзімді баспасөз беттерінде жарияланған мақалалары ұсынылған.

Кітап көрмесіне шақырамыз!     

Сайтта

Қазір сайтта 215 қонақ отыр және бірде бір тіркелген пайдаланушы жоқ.