+7 (727) 267-28-83

Токаев

Ел рухын көтеретін еңбек

Биылғы 2021 жылы ата-бабаларымыздың арманы – Тәуелсіздігімізге 30 жыл толады. Бұл – тарих көшінде қас-қағым ғана уақыт. Алайда, оның көтерер жүгін, қиындығы мен қуанышын салмақтар болсақ, бұл егемен еліміз үшін тұтас бір дәуірге айналды. Оның қадірін аға буын ғана емес, тәуелсіздік құрдастары, отыз жастағы ойы толысқан замандастарымыз да жақсы біледі және олар Тәуелсіздікті ешбір дәлелді қажет етпейтін ақиқат ретінде қабылдап отыр. Бірақ, жас ұрпақты отаншылдық рухында тәрбиелеу үшін билік органдары мен қоғамдық ұйымдар бірлесе отырып атқаратын жұмысы аса ауқымды. Ендеше, ол жұмыстардың бағыт-бағдары қандай болуы тиіс?

Қазақстан Республикасының Президенті Тоқаев Қасым-Жомарт Кемелұлының «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласы Тәуелсіздіктің бағасын халқымыздың мейлінше тереңірек түсінуіне көмектеседі. Егемен еліміздің рухын көтеретін осынау еңбекті оқи отырып, халықаралық дәрежедегі табыстарымызға қаншалықты зор қиындықпен қол жеткеніне жан-жақты қаныға түсеміз. Аталарымыз бен әкелеріміздің төгілген қан мен маңдай терінің салмағын байыптай аламыз.

Алыс тарихқа бармай-ақ, соңғы отыз жылды ғана алсақ, ғалымдарымыз қанша айтып та, жазып та жатқанымен ел тарихының қалың бұқараның игілігіне айнала алмағанын мойындауға мәжбүрміз. Сондықтан, мемлекетіміздің басшысы өз еңбегінде атап көрсеткендей, Қазақстанның өткен ғасырдың соңғы онжылдығы мен жаңа ғасырдың алғашқы жиырма жылындағы белестерін байыппен ой елегінен өткізу аса қажет. Тәуелсіз Қазақстанның іргетасын бекітіп, керегесін кеңейту мен мәртебесін асыру жолындағы тарихи-тағдырлық шараларды насихаттау мақсатында біздің Ұлттық кітапхана ұжымы да биылғы жылдың жоспарын қайта қарап, арнайы шаралар ұйымдастыруға дайындық жұмыстарын қолға алды.

Атап айтқанда, республика Президенті баса назар аударған «Егемендігіміздің мәңгілік үштағаны – Алтайдан Атырауға, Алатаудан Арқаға дейін кең көсілген байтақ жеріміз, ананың ақ сүтімен бойымызға дарыған қастерлі тіліміз және барлық қиындықтардан халқымызды сүріндірмей алып келе жатқан береке-бірлігіміз» еліміздің бас кітап ордасы өткізетін барлық шаралардың алтын арқауына айналады. Әлбетте, осы аталған ұлт бүгіні мен болашағына қатысты басты-басты мәселелер оқырман қауымға ғалымдар мен әдебиетшілердің қатысуымен мұқият зерттеле отырып, сан тақырыптағы кездесулер мен кітап көрмелері арқылы ұсынылатын болады. Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына, Желтоқсан оқиғаларының 35 жылдығына арналған, сондай-ақ өзекті мемлекеттік тіл, ел бірлігі, жер мәселесі, т.б. маңызды тақырыптарға, сондай-ақ тарихи тұлғаларға, Алаш қайраткерлеріне арналған іс-шараларды жоспарлап отырмыз. Біз Мемлекет Басшысы алға қойған міндеттерді басшылыққа ала отырып, «ұлтымыздың ұлы ұстыны – қастерлі Тәуелсіздігіміздің барша жұртымыздың патриоттық рухымен асқақтай беруіне» атсалысуды азаматтық борышымыз санаймыз.

Бақытжамал Оспанова,

Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының директоры,

Қазақстандық Кітапханалық одақтың төрағасы.

Сайтта

Қазір сайтта бір қонақ отыр және бірде бір тіркелген пайдаланушы жоқ.