«КІТАП & КІТАПХАНА» журналының үшінші саны оқырманға жол тартты
Құрметті әріптестер! «Кітап & Кітапхана. Книга & Библиотека. Book & Library» кәсіби-сараптамалық журналының кезекті саны оқырманға жол тартты.
Журнал ҚР Президенті Қ.К.Тоқаевтың төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысында сөйлеген сөзімен ашылып, карантин кезеңіндегі кітапханалардың тыныс-тіршілігі жайлы қысқаша мәліметпен жалғасады.
Пандемия кезеңіндегі кітапханалардың атқарған жұмыстары туралы сіздер С.Сейфуллин атындағы Алматы облыстық әмбебап кітапханасының директоры Ғ.С.Тоқабаеваның «Карантин – кітапхана жұмысына кедергі емес», Қостанай облысы, Жетіқара аудандық кітапханасы Оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінің меңгерушісі Р.А.Яковлеваның «Онлайн режим работы: опыт Житикаринской районной библиотеки», ҚР БҒМ ҒК «Ғылым ордасы» РМК Орталық ғылыми кітапханасының меңгерушісі Қ.Е.Қаймақбаеваның «Электронды кітапхана – заман талабы» мақалаларынан оқып біле аласыздар. Сол сияқты, А.С.Пушкин атындағы Шығыс Қазақстан облыстық кітапханасы Білім орталығының жетекшісі М.М.Максимованың орыс және ағылшын тілдеріндегі «Вызов и шанс: библиотека в период пандемии коронавируса», Ғ.Сланов атындағы Атырау облыстық ғылыми әмбебап кітапханасы басшысының орынбасары М.Л.Дәулетқалиеваның «Мұнайлы өлкенің рухани ордасы. Карантин жағдайындағы кітапхана қызметі» атты мақалалары осы тақырыпты одан әрі аша түседі.
ҚР Ұлттық кітапханасының ғылыми хатшысы, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Жүнісбеков Болат Жүнісбекұлы құрастырған, Абай Құнанбайұлының дарынды ұрпақтарына арналған «Абайдың ақын ұлдары» жинағы туралы ақпарат пен профессор, Ресей Жаратылыстану академиясының корреспондент-мүшесі Ж.Ә.Қарабаевтың «Абай и Навои в благодарной памяти братских народов» атты мақаласын да журналдың осы нөмірінен оқитын боласыздар.
Ал, Қ.Сыдиықов атындағы Маңғыстау облыстық кітапханасы әдістемелік бөлімінің меңгерушісі Н.Т.Еңсегенова «Кітапқа бала жастан баулу керек» мақаласында әр отбасында баланы ерте жастан кітап оқуға бейімдеудің маңызына тоқталса, Ақмола облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы Кітапханаларды дамыту бөлімінің жетекшісі Ж.Е.Мырзағалиева «Когда цифры говорят: 4869 онлайн-мероприятий» атты мақаласында осы өңірдің кітапханалары атқарған іс-шаралар жайлы айтып, олардың әрқайсысы туралы қысқаша мағлұмат береді.
Журналда, сондай-ақ Атырау облысы Жылыой аудандық ОКЖ директоры Б.Б.Кенжебекова өзінің «Кітапханашы – мәртебелі мамандық» атты мақаласында Жылыой аудандық орталық кітапханасына қарасты N8 Ақкиізтоғай ауылындағы кітапхана бөлімшесінің меңгерушісі Қалиева Сандуғаш Төлеуішқызын таныстырып, оның біліктілігі мен кәсіби шеберлігін үлгі етеді. Қазақстанның көпшілік кітапханаларының жағдайына шолу жасаған кітапхана ісінің ардагері
Ғ.Ғ.Искакова мен ҚР Ұлттық кітапханасы Ғылыми-әдістемелік қызметінің кітапханашысы А.К.Байдарованың «Анализ по обеспечению общедоступных библиотек Казахстана профессиональными кадрами» мақаласында сала мамандарына қажетті ақпарат мол.
Карантин кезеңіндегі әңгіме туралы журнал авторларының ойлары Алматы қаласы Орталықтандырылған кітапханалар жүйесі директорының орынбасары Н.Д.Коваленконың «Библиотекари Алматы в режиме онлайн» мақаласы мазмұнымен жақсы үйлесім тапқан.
ҚР Ұлттық кітапханасы Ғылыми-әдістемелік қызметінің кітапханашысы, т.ғ.к. А.Л.Кривковтың «Исторические связи Национальной библиотеки РК и Верненской городской библиотеки им Л.Н.Толстого в библиотековедческих исследованиях (1931-2011 гг.)» мақаласы оқырмандар тарапынан үлкен қызығушылыққа ие болары сөзсіз.
Құрметті әріптестер! Кітапхана саласындағы тың бастамаларыңыз бен тұшымды ойларыңыз болса, қабылдауға әрқашан дайынбыз. Сіздерді кітапхана ісіне қатысты түйткілді мәселелерді кітап жанашырлары ретінде біріге отырып, жұмыла талқылауға шақырамыз.