+7 (727) 267-28-83

teljan2019 жылғы 15 қараша,  Н.Дәулетова атындағы залда  аса көрнекті ғалым, педагог, аудармашы, мемлекет қайраткері Телжан Шонанұлының туғанына 125 жыл толуына орай «Жазу реформасы:  рухани жаңғыру және тарихи сабақтастық» атты республикалық ғылыми-теориялық конференция өтті.

Іс-шараны Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының ғылыми хатшысы Жүнісбеков Болат Жүнісбекұлы ашты. Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты директорының орынбасары, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Құлманов Сәрсенбай Қуантайұлы жүргізді. Іс-шараға қазақстандық ғалым профессорлар: М.Қойгелдиев, А.Ісмақова, Ж.Балтабаева, А.Салкынбай, М.Бекарыстан, М.Жылысбаева және т.б. баяндама жасады. Конференция барысында кинорежиссер Еркін Рақышевтің Т.Шонанов жайлы түсірген деректі фильмінен үзінді көрсетілді.

Шонанов Телжан 1894 жылы туған, қайтыс болған күні – 27 ақпан 1938 жыл, қазақ лингвисі, қоғамтанушы.

Ақтөбе облысы Ырғыз ауданының құрамындағы №4 ауылда шаруа отбасында дүниеге келген. Білімі жоғары. 1918 жылы Алаш-Ордаға қосылды, 1919 жылы кеңестік ұстанымға өтті. Ол Семейдегі, содан кейін Орынбордағы ағарту органдарында жұмыс істеді. 1921 жылы «антикеңестік ұлтшылдық әрекеті» үшін қамауға алынды, бірнеше ай тергеуде болып, 1922 жылы  босатылды. 1920 ж. соңынан тұтқындалғанға дейін Қазақ педагогикалық институтының қазақ тілі кафедрасында доцент қызметін атқарған. Ол бірқатар оқулықтардың және ғылыми еңбектердің авторы, қазақ терминологиясын құрушылардың бірі болған.

1937 жылдың шілдесінде қамауға алынды, 1938 жылы 27 ақпанда үкім шығарылып, сол күні атылды. 1990 жылы 13 тамызда шыққан қорытынды нәтижесінде 1992 жылғы 18 қыркүйекте Шонанов қылмыс құрамының жоқтығынан ақталды.

Телжан Шонанов – тіл білімінің бірнеше саласы бойынша еңбектер жазған білікті ғалым, қазақ әліпбиі, емле, терминология, грамматика, стилистика, мәтінтану және өлкетану, жағрапия, қазақтарды қоныстандыру, отырықшыландыру, жер бөлу мәселелері  бойынша еңбектер жазған.

Іс-шараны Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасы, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты ұйымдастырды.

Конференция аясында Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының қорынан Т.Шонановтың өмірі мен шығармашылығына арналған «Т.Шонановтың ғылыми мұрасы» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды, сонымен қатар, Телжан Шонанұлының 5 томдық шығармалар жинағының тұсаукесері өтті.

Іс-шараға танымал ғалымдар, ізденушілер, Алматы қаласындағы жоғарғы оқу орындарының оқытушылары мен студенттері, Абай атындағы Республикалық  мамандандырылған дарынды балаларға арналған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын орта мектеп-интернатының оқушылары, кітапхана оқырмандары қатысты.

 

Сайтта

Қазір сайтта 129 қонақ отыр және бірде бір тіркелген пайдаланушы жоқ.