KZ     RU     ENG
Дүйсенбі, 16 Шілде 2018



 
ДС СС СР БС ЖМ СН ЖС
           1
2 3 4 5 6 7 8
9 10 11 12131415
16171819202122
23242526272829
3031
барлығы:  12464959
2018 жылы:  1527993
бүгiн:  2166
қазiр:  43
Негізгі бетке өту
Жаңалықтар

05.01.2018

   «Өнер» бөлімінің оқу залында ақын әрі әнші, композитор Ақан сері - Ақжігіт Қорамсаұлының 175 жылдығына арналған «Ақан сері әлемі» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.

   Ақан сері 1843 жылы Көкшетау облысы, Володар ауданында дүниеге келген. Ата-анасы қарапайым шаруа адамдары болған. Ақан сері жас кезінен халықтың ән-күйінен сусындап, әншілік өнерді еркін меңгерген зерделі жан болды. Бертін келе өзі де ән шығаруға талаптанады. Маңына өзі сияқты өнерпаз жастарды жинап, ел аралап, ән салады. Сәнді киініп, жүйрік ат, қыран бүркіт, құмай тазы ұстап, серілік құрды. Осындай сегіз қырлы өнерпаздығы үшін ел арасында «Ақан сері» атанады. Ол әншілік, композиторлық өнерде атақты Біржан салды аға тұтып, ұстаз санаса, Балуан Шолақ, Естай, Иманжүсіп, Құлтума сияқты әнші-композиторлар оның өнер жолындағы ең жақын достары болады. Бұлар бір-бірінің әнші-орындаушылық әрі композиторлық шығармашылығының дамуына игі әсер етеді.
   Ақан сері – өмір шындығын терең жырлаған өз заманының асқақ ақыны. Оның ақындық мұрасы идеялық-тақырыптық жағынан 2 топқа бөлінеді. Алғашқысы жастық шақ, махаббат, аңшылық, саяхатшылық тақырыбы болса, екіншісі өзі өмір сүрген заманның ащы шындығын жырлаған шығармалары еді. Бұл туындыларында ақын ел билеуші мансапқорларды және арамза атқамінерлердің озбырлығын айтып әшкерелейді. Ақан сері көрнекті айтыс ақыны да болған.
   Ақан сері  - өзінің артына көптеген ән қалдырған аса талантты халық композиторларының бірі. Оның ән шығармашылығы – жанрлық жағынан да, тақырыбы жағынан да ерекше назар аударатын асыл мұра. Өмірдегі сұлулық атаулының қандай түрін болса да өзінің жырлары мен әндерінде әдемі сезіммен суреттей білген. Поэзиялық шығармашылығындағы ғашықтық, ынтызарлық, махаббат лирикасы, әсіресе оның ән шығармашылығында өзгеше өріс табады. Ол небір нәзік сезім иірімдерін әсем әндерінің сыршыл сазымен, домбыраның сиқырлы қоңыржай үнімен жеткізген. «Сырымбет», «Шәмсі Қамар», «Мақпал», «Қаранар», «Ақ көйлек», «Ақтоты», «Іңкәр-ай», «Үш тоты», «Ақсаусақ», «Перизат», «Кепсер» әндері оның жастық шағында шығарған терең тебіреністі лирикалық туындылары. «Еркем», «Көкшетаудың биігі», «Әйкөк», «Кеткенің бе, Ақтоты» әндерінде махаббат мұңын табиғат сұлулығымен шебер ұштастырса, «Көкжендет», «Қараторғай», «Маңмаңгер» сияқты әндерде аңшылық пен саятшылықты, алғыр қыранды, жел жетпес жүйрікті, тайпалған жорғаны сипаттап, көз алдыңа елестетеді. Оның ән шығармашылығына трагедиялық үн, қайғы-мұң сарынды әкелген әндердің бірі - белгілі «Құлагер» әні. Бұл шығарма -  мал ашуының ғана емес, жан ашуының, жан күйзелісінің әні.
   Ә. Қашаубаев, Ж. Елебеков, Қ. Бабақов, Т. Арғынбаев, М. Ержанов, Қ. Лекеров, М. Шалқаров, Н. Әбішов сияқты әншілер Ақан серінің ән  шығармашылығын, үздік композиторлық талантын, асқақ әншілік-орындаушылық өнерін халыққа кеңінен танытты. Оның әндері Қазақстан композиторларының шығармашылығынан да жан-жақты орын алып келеді. Композитор Е. Брусиловский «Құлагер», «Балқадиша» әндерін кезінде «Жалбыр» операсында қолданса, «Балқадиша» әнінің тақырыбына Д.Д. Мацуцин, С. Мұхамеджанов өздерінің вариацияларын жазды. «Мақпал», «Сырымбет» әндері Ғ.М.Мүсіреповтің «Ақан сері-Ақтоқты» пьесасында пайдаланылды. Ал Мұхамеджановтың «Ақан сері - Ақтоқты» операсы (либретто Мүсіреповтікі) Ақан сері өміріне арналған туынды.
   Кітап көрмесінде ҚР Ұлттық кітапханасының кітап қорынан Ақан сері Қорамсаұлының өмірі мен шығармашылығы туралы материалдар ұсынылған.     

   Тұрақты кітап көрмесіне шақырамыз!  

« Артқа | Барлық жаңалықтар

Соңғы жаңалықтар
Copyright © 2004-2018
Барлық құқықтары қорғалған
Қазақстан Республикасының
Ұлттық Кiтапханасы
Разработка веб-сайтов, интернет-магазинов, хостинг в Казахстане, программирование