06.09.2024
Описание
2024 жылғы 6 қыркүйек, сағат 11:00-де ҚР Ұлттық кітапханасының Н.Дәулетова атындағы залында Қызылорда облысы әкімінің, Қызылорда облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының, сондай-ақ, Ә.Тәжібаев атындағы Қызылорда облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының қолдауымен Қазақстан Жазушылар одағының 90 жылдығына және халық жазушысы Ә.Нұрпейісовтің туғанына 100 жыл толуына орай «Кітап және қаламгер» атты республикалық ғылыми-тәжірбиелік конференция өтеді.
Конференцияның мақсаты – ұлт руханияты мен мәдениетінің шаңырағы болған Қазақстан Жазушылар одағының қызметі мен жеткен жетістігін көрсету және халық жазушысы Ә.Нұрпейісовтің бай шығармашылық мұрасын насихаттай отырып, жазушының 100 жылдық мерейтойын атап өту.
Алты алашқа астана атанған Қызылорда талай тарихи сәтке куә болды. Қазақстан Жазушылар одағы алғаш Қызылорда қаласында Қазақстанның пролетариат жазушыларының қауымдастығы болып құрылған кезден бастау алады. Ғасырға жуық тарихы бар қазақ руханиятының қара шаңырағы бүгінде қаламгерлердің орнықты ордасына айналды.
Конференцияны Қызылорда облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Мира Қазбекова ашады. Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Әбдешұлы Құлкенов, ҚР Ұлттық кітапханасының директоры Б.Оспанова құттықтау сөз сөйлейді.
Шара аясында Қазақстан Жазушылар одағының Кызылорда облысындағы өкілі Есімсейітова Қаршыға Құрмашқызы «Сыр елінде қазақ әдебиетінің бастау алуы» тақырыбында сөз сөйлейді. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Парасат» орденінің иегері, эколог-жазушы С.Жұбатыров; жазушы, драматург С.Балғабаев; ақын Ш.Әбдікәрімов сияқты белгілі ақын-жазушылар Қазақстанның халық жазушысы Ә.Нұрпейісовтің өмірі мен шығармашылығы жайында естеліктер айтады.
Конференция қатысушылары: «Жыр-әннің елі, Тұранның төрі – Сыр елі» атты Қазақстан Жазушылар Одағының 90 жылдық тарихи кезеңдерін қамтитын және Қазақстанның халық жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісовтің өмірі мен шығармашылығына арналған кітап және архив құжаттарының көрмесімен танысады.