05.09.2024
Описание
2024 жылғы 5 қыркүйек, сағат 15:00-де Алматы қаласы күнін мерекелеу аясында ҚР Ұлттық кітапханасында композитор, КСРО және Қазақ КСР-нің халық әртісі, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген өнер қайраткері, Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Сыдық Мұхамеджановтың 100 жылдығына арналған музыкалық кеш өтеді.
Сыдық Мұхамеджанов қазақтың біртуар композиторы, республиканың композиторлық мектебінің негізін қалаушылардың бірі, ХХ ғасырдағы қазақ музыкасының танымал классигі. Композитордың шығармашылық жолы нәтижелі болды және музыкалық өнердің: опера, симфония, оратория, концерт, ән, романс, хор, драмалық қойылымдар мен кинофильмдерге арналған музыка жанрларын қамтыды. Ол тұңғыш ұлттық комикс операсының, алғашқы қазақ ораториясының, сондай-ақ қазақ музыкасындағы оркестрмен бірге дауысқа арналған концерт жанрының авторы. Композитордың музыкалық мұрасы ХХ ғасырдағы қазақ мәдениетінің алтын қорына енген. Оның музыкасы әуезділігімен, жомарт та жарқын эмоционалдығымен, лирикалық байлығымен, драмалық қақтығыстардың тереңдігімен ерекшеленіп, тарихи оқиғалардың қатал қаһармандығымен ұштасқан.
С. Мұхамеджановтың мұрасы: «Айсұлу», «Жұмбақ қыз», «Ақан сері – Ақтоқты» операларын, 1962-1984 жылдар аралығында құрылған төрт симфонияны, «Ежелгі Түркістанда» төрт бөлімді симфониялық сюитаны (1966), «Домбыра туралы баллада» симфониялық поэмасын (1955), «Дала суреттері» (1970), «Мейрам» (1972), «Скрипка мен оркестрге арналған поэма» (1973), «Махаббат тұралы поэма» (1974), «Егін мерекесі» симфониялық күйін (1974), симфониялық оркестрге арналған «Лирикалық поэма» (1982), камералық оркестрге арналған «Көкпар» поэмасын, симфониялық оркестрге арналған «Даладағы той» увертюрасын (1975), оркестрмен бірге «Қобызға арналған концерт», «Ғасырлар дауысы» ораториясын, композитордың Абай, Қ. Шаңғытбаев, Т. Жароков, С. Бегалин, Байрон және т. б. өлеңдеріне арналған әндері мен романстарын құрайды.
С. Мұхамеджановтың ең танымал шығармаларының бірі 1952 жылы жазылған «Шаттық отаны» симфониялық поэмасы. Поэма Құрманғазы атындағы оркестрдің орындауында Бухаресттегі жастар мен студенттердің Дүниежүзілік фестивалінде танылып, бір жылдан кейін Жамбыл атындағы республикалық сыйлыққа ие болды.
Сыдық Мұхамеджанов музыкалық-қоғамдық өмірге белсенді атсалысты. 1960-1962 жылдары Қазақстан Композиторлар одағы басқармасының төрағасы, көптеген жылдар бойы КСРО және ҚазКСР Композиторлар одағы басқармасының мүшесі болды.
Октябрь революциясы, Халықтар Достығы, «Құрмет Белгісі» ордендерімен марапатталған.
Кештің мақсаты - Қазақстандағы Қазақ симфониялық музыкасының негізін қалаушы С.Мұхамеджановтың өмірі мен шығармашылығын дәріптеу, кейінгі ұрпаққа музыкалық шығармалар мен әдебиет арқылы оның шығармашылығын таныстыру.
Іс-шараға: консерватория оқытушылары мен студенттері, Абай атындағы Қазақ Ұлттық опера және балет театры солистерінің шығармашылық тобы; музыкалық колледждер мен мектептердің оқушылары, кітапхана оқырмандары қатысады.
Кештің модераторы - театртанушы, өнертанушы, доцент, театр өнерінің теориясы мен тарихы саласындағы жетекші маман, М. О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты театр және кино бөлімінің меңгерушісі – Амангелді Мұқан.
Іс-шараның қонағы өнертану кандидаты, дарынды ғалымдарға арналған мемлекеттік ғылыми стипендия лауреаты, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының «Музыкатану және композиция» кафедрасының доценті - Айзада Зейкенқызы Бұлтбаева.
Музыкалық кеш аясында өнер залында композитор Сыдық Мұхамеджановтың өмірі мен шығармашылық жолын ашатын «Саз әлемінің саңлағы» атты кітап көрмесі ұйымдастырылады. Кеште композитордың операларынан және Абай әндерінен үзінділер орындалады.
ҚР Ұлттық кітапханасы Ұлттық библиография қызметінің мамандары «Қазақстан өнері» биобиблиографиялық сериясының «Мұхамеджанов Сыдық (1924-1991)» ұсынымдық библиографиялық көрсеткішін таныстырады.
Барлық өнер сүйер қауымды музыкалық кешке шақырамыз!