+7 (727) 267-28-83

15.05.2024

Название:
15 мамыр, сағат 11.00-де Талғат Айтбайұлының 70 жастық мерейтойына орай “ЕЛІМ” ДЕП СОҚҚАН ЖҮРЕКПЕН...” атты дөңгелек үстел шарасы өтеді.
Дата:
15.05.2024
Расположение:

Описание

2024 жылғы 15 мамыр, сағат 11.00-де ҚР Ұлттық кітапханасының Н.Дәулетова атындағы залында Қазақстан Жазушылар одағы мен ҚР Ұлттық кітапханасының ұйымдастыруымен публицист-жазушы, Қазақстанның Құрметті жазушысы, Қазақстан Журналистер одағы Қ.Қазыбаев атындағы сыйлығының, ҚР Журналистика академиясының «Алтын жұлдыз» иегері Талғат Айтбайұлының 70 жастық мерейтойына орай “ЕЛІМ” ДЕП СОҚҚАН ЖҮРЕКПЕН...” атты дөңгелек үстел шарасы өтеді.

Шара аясында Т.Айтбайұлының қайта толықтырылып басылған «Мың бір күн, мың бір түн» деректі романы, кейінгі 30 жыл бойы жазған «Өтпелі кезең көзімен», «Айтар ойым болған соң...», «Жүрегіме жүгіндім...» публицистикалық кітаптары мен «Алматы 1986 Желтоқсан» айғақ-кітаптары 17 томының, әдеби жазбашылығы негізінде жарық көрген Ордабек Құматаевтың «Жырым да, сырым да – өмірім» ғұмырбаяндық романының, балаларға арналған «Жыл – он екі ай» журналының кезекті 2-ші саны таныстырылымы болады.

«Мың бір күн, мың бір түн» деректі романының бас кейіпкері Ә.Мұсаев қуғын-сүргінді бастан кешкен, кешегі Ұлы Отан соғысында қаһармандықпен шайқасқан, КСРО-ның құрметті банк қызметкері болып зейнет демалысына шыққан тұлға. Жетпістен асқан жасында қарттар арасында жүгіруден Қазақстанның чемпионы болған өнегелі өмір иесі еді. Кейіпкер тағдырының күнгейі мен көлеңкесін кестелеп көрсететін шығарма жарық көргенге дейін республикалық мерзімдік басылымдардың беттерінде жарық көрді. Кітаптың жаңарған нұсқасы бұрынғысынан да тартымды бола түскен.

«Өтпелі кезең көзімен», «Айтар ойым болған соң...», «Жүрегіме жүгіндім...» публицистикалық кітаптары тәуелсіздіктен кейінгі қоғамдық-саяси өмірімізді барынша ашып көрсететін, шындықпен шырайланған эсселерден, қаламгер толғаныстарынан, көптеген басылымдарға берген сұхбаттарынан тұрады. 

Т.Айтбайұлы өмірінің жартысын әлі де саяси-құқықтық бағасын алмаған  Желтоқсан тақырыбына арнаған қаламгер. Оның құрастыруымен және авторлығымен, тікелей өз қаржыландыруымен «Алматы 1986 Желтоқсан» айғақ-кітаптарының 16 томы жарық көрсе, енді 17 томының тұсаукесері ұйымдастырылады. Бұл Желтоқсан қаһармандарын сан қырынан ашатын, әрбір жазбасы нақты оқиғалардан тұратын кітаптар.

Т.Айтбайұлы осыған дейін 30-ға жуық кітапқа әдеби жазбашылық еткен екен. Ордабек Құматаевтың «Жырым да, сырым да – өмірім» ғұмырбаяндық романы соның бірі. Ордабек – белгілі кәсіпкер, Желтоқсан батыры. Сол бір ызғарлы күндерде Алматыдағы құрылыс нысандарының бірінде прораб болған. Алаңда болғаны үшін партия қатарынан шығарылған. Оның авторлығымен жарық көрген осы кітапта бастан кешкен қиын да қызықты тағдыры жан-жақты ашылады.

Т.Айтбайұлының құрастыруымен және қаржыландыруымен 24 жылдан бері шығып келе жатқан «Жыл – он екі ай» журналы – балалардың сүйікті басылымы. Бастауыш сынып оқушыларына ғана емес, үлкендердің өздеріне де ерекше ұнайтын журналдың бастауы сонау 60-шы жылдарға барып тіреледі. Ол кезде жылына бір-ақ рет шықса, бүгінде екі ай сайын жарық көреді. Ішінде балаларға қажетті әңгіме, ертегі, танымдық материалдар, мерейтойлық жазбалар дейсіз бе, не керектің бәрі бар. Кезекті 2-ші санында да қызығып оқитын дүниелер жетеді. Түрлі-түсті бояумен шыққан журналдың таныстырылу рәсімі осы дөңгелек үстел аясында үйлестіріліп отыр.

Қатысушылар: Қазақстан Жазушылар одағының мүшелері, зиялы қауым өкілдері, кітап кейіпкерлері және Желтоқсан қаһармандары, БАҚ өкілдері және т.б.