02.06.2023
Description
2 маусым, сағат 11.00-де ҚР Ұлттық кітапханасының Үлкен залында жас қаламгер Жәмиля Бахтиярқызының «Қарлығаш (Махаббат ескерткіші)» атты кітабының тұсаукесері өтеді.
Жәмиля Бахтиярқызы 1999 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. 2021 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін аяқтап, қазіргі таңда Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде халықаралық журналистика мамандығы бойынша магистратурада оқуда.
2021 жылы Жәмиля Бахтиярқызының «Бәйшешек» атты алғашқы кітабы жарыққа шыққан болатын. Өмірбаяндық эссе жанрында жазылған кітап екі жылдың ішінде 6 тілге аударылып, оқырман тарапынан жоғары сұранысқа ие болуда. Мотивациялық «Бәйшешек» кітабында автордың он жыл бойы ауыр дертпен күресіп, жеңіске жету жолындағы ой-толғамдары жазылған.
«Қарлығаш (Махаббат ескерткіші)» кітабында ата мен немеренің диалогы арқылы отбасы құндылықтары, ұрпақ тәрбиесі, қыз баланың қадір-қасиеті, салт-дәстүр мен тарих, махаббат пен мейірімділік тақырыптары қозғалды. Сондай-ақ, қазақ тарихында өшпес із қалдырған аналарымыздың тағылымды тағдыры, жас отбасыларға үлгі боларлық ерлі-зайыптылардың өнегелі өмірі баяндалады. Кітап барлық жастағы оқырмандарға арналады.
Сондай-ақ, кешке белгілі күйші-композиторлар Ғаламат пен Нұрәлі Бейсеқожа қатысады.
Қатысушылар: белгілі жазушылар мен ақындар, әдебиеттанушылар, оқырмандар, оқытушылар мен студенттер, БАҚ өкілдері және т.б..