+7 (727) 267-28-83

2019 жылғы 17 мамыр, сағат 10.00-де Н.Дәулетова атындағы залда көрнекті ғалым, терминолог, орфограф, педагог, қоғам қайраткері Елдес Омаровтың өмірі мен қызметіне арналған «Өркениеттің түпқазығы – жазу» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференция өтті.

102030

Іс-шараны Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасы директорының орынбасары А.Х.Юсупова ашты. Іс-шараға Ісімақова Айгүл, Оразбаева Фаузия, Қойшыбаев Бейбіт Шаяхмет Ақылбек, Шуақаев Марат, Салқынбай Анар, Смағұлова Светлана, Жылысбаева Мәрзия, Таикешова Сәуле, Бияздықова Әлия, Жұбаева Орынай баяндама жасады.  

А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры, ҚР ҰҒА корр. мүшесі, филол.ғ.д., профессор Қажыбек Ерден жүргізді.

Іс-шара аясында Е.Омаровтың «3-томдық шығармалар» жинағының және Т.Тугайдың «А.Байтұрсыновтың Орынбордағы жолы» атты кітабының тұсаукесері өтті. Сондай-ақ, іс-шара аясында ҚР Ұлттық кітапханасының сирек кездесетін кітаптар мен қолжазбалар қорынан Е.Омарұлының көзінің тірісінде жарық көрген кітаптарынан кітап көрмесі ұйымдастырылды.

Елдес Омаров (1892-1937) – қоғам қайраткері, педагог, публицист. Қостанай қаласындағы 2 сыныптық орыс-қазақ училищесін (1907), Орынбордағы орыс-қазақ мұғалімдер мектебін (1911) бітірген. Алашорда үкіметін құруға белсене араласты. Уақытша үкіметтің Торғай уездік комиссарының көмекшісі, Торғай облысы азаматтық комитетінің төрағасы қызметтерін атқарды. Бірінші және екінші жалпықазақ съездеріне қатысты. Қостанайда өткен Қостанай уезі қазақтарының төтенше съезінде “Жер мәселесі” туралы баяндама жасады. Қостанай уездік Алашорда комитетінің төрағасы ретінде жергілікті халықты Алаш автономиясын қолдауға шақырды. Торғай облысы земствосы төрағасының орынбасары, төрағасы болды.1920 – 1922 жылдар Орынборда халық ағарту комиссариатында нұсқаушы, кеңестік партия мектебінде оқытушы болды. Осы кезеңде ол көптеген ғылыми мақалалар жазды.1922 – 1926 жылдар Қазақ халық ағарту комиссариаты академиясының орталығында қызметкер, Қырғыз (Қазақ) халыққа білім беру институтында (КИНО) оқытушы болды. 1926 – 1929 жылы саяси қуғынға ұшыраған Е. Омаров Ташкенттегі педагогикалық институтта, Орта Азия мемлекеттік университетінің шығыстану факультетінде оқытушы болып қызмет атқарды.1929 жылдың соңында ол тұтқындалып,1930 жылы сәуір айында ату жазасына кесіліп, кейіннен ол жаза өзгертіліп,10 жылға Архангельскіге жер аударылды. 1933 жылы ақталып шықты.1934 – 1935 ж. Қазақ мемлекеттік медицина институтында қазақ тілінен сабақ берді, институт студенттеріне арнап қазақ тілі оқулығын жазды. 1935 – 37 ж. ҚазМУ-да қазақ тілі кафедрасының доценті болып қызмет істеді. Қазақ мектептеріне арналған орыс тілі грамматикасын және геометрия есептері оқулығын жазды. Саяси қуғын-сүргін құрбаны болды.

Іс–шараны Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасы, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты, ҚР Орталық Мемлекеттік архиві ұйымдастырды.

Іс–шараға Алматы қаласының танымал ғалымдары,  оқытушылары, оқушылар, кітапхана оқырмандары мен кітапханашылар қатысты.

IMG 20190517 100527   IMG 20190517 101519
IMG 20190517 102247   IMG 20190517 105043
IMG 20190517 133128   IMG 20190517 133849