+7 (727) 267-28-83

Абайдың рухани мұрасы

Диссертация бөлімінің оқу залында қазақ бас ақыны, қазақ жазба мәдениетінің негізін қалаушы Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл толуына орай «Абайдың рухани мұрасы ғылыми зерттеулерде» атты тұрақты көрме ұйымдастырылды.

Абай Құнанбайұлы – қазақтың рухани жаңғыруының негізін қалаған тұлға әрі қазіргі қазақ әдебиетінің негізін салушылардың бірі. Абайдың шығармашылығы мен дүниетанымы бірнеше ғылыми салада зерттеліп келеді: әдебиеттану, философия, тарих, мәдениеттану, тіл білімі, педагогика. Абайға арналған көптеген ғылыми зерттеулер бар.

Ең маңызды еңбектердің қатарында – Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романы мен оның абайтану саласындағы ғылыми мұрасы, сондай-ақ Қайым Мұхамедханов, Зейнолла Қабдолов, Кенжебай Сыздықов сынды ғалымдардың зерттеулері ерекше орын алады. Сонымен қатар қазіргі заманғы қазақстандық және шетелдік зерттеушілердің де еңбектері Абай мұрасын әр қырынан талдап, зерделеуде. Абай шығармалары көптеген тілдерге аударылып, шетелде де зерттелуде. Түркия, Ресей, Қытай, АҚШ, Германия сынды елдерде Абайға арналған халықаралық ғылыми конференциялар жүйелі түрде өтіп тұрады. Абай – тек қазақ халқының ғана емес, бүкіл адамзаттың ортақ рухани қазынасы.

Көрмеге бөлімдегі диссертациялар ұсынылған. Олардың қатарында:

  • Салғарин Қойшығара. «Абайдың тарихи көзқарасы және оның әдеби қайнары», Алматы, 1993;
  • Есімов Ғарифолла. «Абай дүниетанымындағы Алла мен адам болмысы», Алматы, 1994;
  • Тұрсынбаева Айгүл Өмірбекқызы. «Абай дүниетанымының экзистенциалдық сипаты», Алматы, 2005;
  • Сұлтанова Нұргүл Камильевна. «А.Құнанбаев, Ш.Құдайбердиев, М.Әуезов шығармаларындағы педагогикалық идеялардың сабақтастығы және оқу-тәрбие үрдісіне ендіру», Қарағанды, 2007;
  • Баймұханбетова Мейрамгүл Баймұханбетқызы. «Абай мен Шәкәрім шығармалары тіліндегі тілдік дәстүр жалғастығы», Астана, 2009;
  • Ербай Талғат Мәдәліұлы. «Абай шығармашылығындағы Бұқар, Дулат, Шортанбай дәстүрі», Астана, 2009;
  • Сабирова Алия Сұлтанмуратовна. «Абай Құнанбайұлының шығармаларында Құран және хадис мәтіндерінің интерпретациялануы», Астана, 2012;
  • Байсарина Жазира Сламқұловна. «Абай ағылшын тілді мәдениет контекстінде», Астана, 2023;
  • Қалиакпар Данара Қылышбекқызы. «Абай шығармаларындағы мифтік сарындардың ұлттық рухани түсініктері», Алматы, 2024.

және басқа да жұмыстар бар.

ҚР Ұлттық кітапханасы Диссертация бөлімінің қорында «Абайдың рухани мұрасы ғылыми зерттеулерде» тақырыбына қатысты 51 диссертация мен 1 микрофиша сақталған.

Көрменің мақсаты – Абай Құнанбайұлының рухани және ғылыми мұрасын насихаттау, жастар арасында оның шығармашылығына деген қызығушылықты арттыру, сондай-ақ ғылыми-зерттеу еңбектері арқылы Абайдың тұлғалық, әдеби және философиялық қырларын тереңірек таныту.