2025 жылғы 5 маусымда ҚР Ұлттық кітапханасының Үлкен залында ақын, журналист, ҚР Президенті сыйлығының лауреаты, Мәдениет саласының үздігі Бақыт Жағыпарұлының 50 жас мерейтойына арналған «Бақыт белесі» атты шығармашылық кеш өтті.
Шараның мақсаты — қаламгердің әдеби мұрасын насихаттау, шығармашылығы арқылы өскелең ұрпаққа рухани тәрбие беру болды. Кеш аясында ақынның жаңадан жарық көрген «Жанымның жазы» атты жыр жинағының тұсауы кесілді. Кітапқа алғысөз жазған — Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Түркі әлемі «Түрік бірлігі» сыйлығының иегері ақын Ғалым Жайлыбай.
Кештің шымылдығы Алматы облыстық Сүйінбай атындағы филармония өнерпаздарының музыкалық композициясымен ашылды. Бұдан кейін Т.Жүргенов атындағы өнер академиясы студенттерінің сахналауымен поэзиялық композиция ұсынылды. Шараның модераторы, ақын, ҚР Мәдениет қайраткері Жұматай Оспанұлы көрерменді кештің мазмұнымен таныстырып отырды.
Салтанатты кешке мемлекет және қоғам қайраткерлері, белгілі ақын-жазушылар, журналистер мен мәдениет майталмандары қатысты. Ақынның поэзиясы мен публицистикасына арналған жүрекжарды құттықтаулар айтылып, оның өлеңдеріне жазылған әндер орындалды. Қазақстанның Халық әртістері Рамазан Стамғазы мен Талғат Күзембаев, ҚР еңбек сіңірген қайраткерлері Ақан Әбдуалы, Тілеулес Құрманғалиев сынды өнер шеберлері сахна төрінен ән шашу тарту етті.
Кітап таныстырылымына ҚР Ұлттық кітапханасының директоры Ғазиза Нұрғалиева, ҚЖО төрағасының орынбасары Қасымхан Бегманов, Мемлекеттік сыйлық иегері Нұрлан Оразалин, Жүрсін Ерман, «Атамұра» корпорациясының президенті Рақымғали Құл-Мұхаммед және «Зейнолла Сәнік қорының» атқарушы директоры Серік Қалиев қатысты. Олар ақын шығармашылығы мен еңбегі жайлы жылы лебіздерін білдірді.
«Бақыт белесі» — ақын өмірінің, шығармашылық жолының маңызды бір межесіне айналып, оқырман мен тыңдарманға терең әсер қалдырған рухани кеш болды.
![]() |
![]() |
![]() |
||
![]() |
![]() |
![]() |