+7 (727) 267-28-83

0506

2025 жылдың 05 маусым күні ҚР Ұлттық кітапханасы мен Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетінің бірлесуімен «АРАБ ЖАЗУЫНДА ЖАЗЫЛҒАН ЖАЗБА ЕСКЕРТКІШТЕРІ: САҚТАЛУЫ ЖӘНЕ ЗЕРТТЕЛУ БАРЫСЫ» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

Шараның модераторы Ислам ғылыми-зерттеу институтының директоры, филол.ғ.к., доцент Т.Е. Қыдыр болды. Жиын Нұр-Мүбарак ЕИМУ ректоры Ахмед Хусейн Мухаммад Ибраһим, Алматы қаласының бас имамы Т.Д. Оспан, Қ.А. Ясауи атынд. ХҚТУ Еуразия ғылыми-зерттеу институтының директоры Суат Бейлур және ҚР Ұлттық кітапханасының директоры Ғ.Қ. Нұрғалиеваның құттықтау сөздерімен ашылды.

Дөңгелек үстел аясында ҚР Ұлттық кітапханасы әзірлеген «Араб тіліндегі баспа кітаптар каталогі» атты іргелі еңбектің 1-томы таныстырылды. Каталог – кітапхана қорындағы араб тіліндегі сирек баспа мұраларын жүйелеуге арналған маңызды еңбек. Көрсеткіш Исламтану, Космография, Мемлекеттік басқару, Педагогика, Медицина, Философия, Экономика сынды тарауларға жіктелген.

Ұлттық кітапхананың сирек қорында сақталған бірегей араб қолжазбалары мен каталогты құрастыру жұмыстары туралы Нұр-Мүбарак ЕИМ университетінің қауымд. профессоры, филол.ғ.к. Р.С. Мухитдинов пен PhD, доцент м.а. Ы.М. Палтөре мазмұнды баяндама жасады.

әл-Фараби атынд. ҚазҰУ доценті, PhD А.Ш. Жамашев өз баяндамасында Түркиядағы араб тіліндегі қолжазбалар мен Қазақстандағы жазба мұраларды салыстыра зерттеу тәжірибесі мен оның нәтижелері жөнінде мәлімет ұсынды. Түркиядан келген исламтанушы ғалым, магистр Атиалла Сарбалин белгілі қолжазбаларға мәтіндік талдау жасап, олардың авторы, жазылу ерекшеліктері және анықтау әдістері туралы нақты деректермен бөлісті.

Шараға сондай-ақ Нұр-Мүбарак ЕИМУ, әл-Фараби атынд. ҚазҰУ, Абай атынд. ҚазҰПУ, М.О. Әуезов атынд. Әдебиет және өнер институтының шығыстанушы, қолжазбатанушы және кодиколог ғалымдары, сонымен қатар «Ғылым ордасы» РМК, ҚР Мемлекеттік орталық музейі және Сейфуллин атынд. Алматы облыстық әмбебап кітапханасының сирек қор мамандары қатысты.

Дөңгелек үстелге қатысушылар сирек қордағы араб жазуындағы қолжазбалар мен баспа кітаптарды сақтау, зерттеу және каталогтау бағытындағы тәжірибемен бөлісіп, жазба мұраны сақтау, жүйелеу және қолжетімді етуге қатысты өзекті мәселелерді талқылады. Сонымен қатар ұлттық мұраны сақтау ісіндегі ғылыми ынтымақтастықты кеңейту жолдары қарастырылды.

Аталған ғылыми-анықтамалық басылым – отандық және шетелдік зерттеушілер мен арабтану саласындағы мамандар үшін құнды дереккөз. Ол ұлттық мұраны сақтау, зерттеу және кеңінен насихаттау ісіндегі маңызды қадам ретінде бағаланды.

0506 1   0506 3

  0506 4   0506 2