2025 жылдың 3 маусымында Ұлттық кітапханада «Орталық Азияның тарихи географиясы: уақыт, кеңістік, жады» атты ІІ халықаралық конференциясы өтті. Шараға Түркия, Иран, Жапония, АҚШ, Ұлыбритания, Ресей, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Чехия және Қазақстаннан келген 70-ке жуық ғалым қатысты. Конференцияны ҚР Ұлттық кітапханасы, Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті және ҚР Ғылым академиясы ұйымдастырды.
Конференция жұмысы 4 үлкен сессияға бөлінді. Алғашқы сессияда Орталық Азияның картографиялық деректері сараланып, Нұрлан Кенжеахметтің Ибрагим Мүтәффериқаның осман картасындағы деректері кеңінен талқыланды. Чехиялық ғалым Әзім Маликов пен ресейлік Зарина Жандосова еуропалық карталардағы Хорезм мен Орталық Азия бейнесін талдаса, Қазақстан атынан Ернұр Рахимов Арал теңізінің картографиялық тарихына тоқталды.
Келесі сессияларда тарихи географияны жаңаша пайымдау, интерактивті карталар жасау, жады мен кеңістіктің сәйкестігі, топонимия мен дереккөздермен жұмыс істеу тәсілдері сөз болды. Бекір Қапукайя мен Нәбие Мусаоғлу интерактивті картографияны таныстырса, Шахислам Лайсханов пен Гүзал Шарипова тарихи дереккөздер мен жаңа технологиялардың ықпалын атап өтті.
Соңғы бөлімде географияның мәдени-тарихи жадымен байланысы, ойын мәдениетінің кеңістіктегі орны, Ұлы Жібек жолы бойындағы сауда қатынастары қарастырылды. Сессияны Австрия, Иран, Қырғызстан, Әзірбайжан, Моңғолия және Қазақстанның ғалымдары мазмұнды баяндамаларымен толықтырды.
Бұл жиын Орталық Азия тарихын зерттеуші ғалымдардың ынтымақтастығын арттырып, ғылым мен мәдениеттің тоғысқан алаңына айналды.
![]() |
![]() |
![]() |
![]() |