+7 (727) 267-28-83

2 3 семинар

2-3 маусымда Ұлттық кітапханада Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының 115 жылдығына арналған іс-шаралар жоспарына сәйкес, IFLA/РАС Сақтау және консервация негізгі бағдарламасының Орталық Азия бойынша өңірлік орталығының және Жазба құжаттарды консервациялау және қалпына келтіру мектебі жұмысының аясында "Шығыс қолжазбаларын консервациялау және реставрациялау ерекшеліктері" тақырыбында семинар-тренинг өтті.

Семинар-тренинг аясындағы шеберлік-сабақтарды Түркия Республикасы Мәдениет және туризм министрлігінің Мұрағаттар департаменті қолжазбалар институты Басқармасы кітап шипаханасының жетекші маман-реставраторы Гизем Ердем өткізді.

Семинарда шығыс қолжазбаларын консервациялау мен қалпына келтірудің келесі тақырыптары: қолжазбаларды превентивті сақтау, қалпына келтіру алдындағы зерттеулер, артефактілерді химиялық тазарту, шығыс қолжазбаларындағы түптеу элементтері, қолжазбалар түптеу және мәтіндерді біріктіру формалары, капталдарды тігу, реставрациялауға арналған қалпына келтіру қағаздары мен желім және т.б. қамтылды. Семинар қолжазба мұрасын сақтау және қалпына келтіру бойынша тәжірибе мен білім алмасуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, Ұлттық кітапхана директоры Ғазиза Құдайбергенқызы мен Гизем Ердем ханым және  реставратор мамандар, ғылыми қызметкерлер, ғалымдардың қатысуымен кездесу өтті.

Кездесу барысында Қазақстандағы ең көне жазба мұралардың бірі — XII ғасырлық Құнды Құран қолжазбасын реставрациялау мәселелері талқыланды. Сонымен қатар, болашақта екі ел арасында меморандумға қол қою, көне жәдігерлерді зерттеу, тану және қалпына келтіру бағытындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыру жоспарланды.

Тараптар мамандарды Түркияда тағылымдамадан өткізу, түрік реставраторларын Қазақстанға шақыру және ұзақ мерзімді бірлескен зерттеу жобаларын ұйымдастыру бойынша нақты ұсыныстармен бөлісті.


Аталған кездесу тарихи-мәдени мұраны сақтау ісінде халықаралық ынтымақтастықты дамытуға жол ашпақ.

Семинар жұмысына Қырғызстанның, сондай-ақ Қазақстанның кітапханалары, архив және музей мамандары қатысты.

2 3 семинар 1   2 3 семинар 2   2 3 семинар 9   2 3 семинар 10
2 3 семинар 3   2 3 семинар 8   2 3 семинар 5   2 3 семинар 7