Өнер бөлімінің оқу залында музыкатанушы, өнертану кандидаты, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Бисенғали Ғизатовтың 100 жылдығына арналған «Сазды әуен сазгері» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.
Көрменің мақсаты – оқырмандарды Б. Ғизатовтың шығармашылығы және өмір жолымен таныстыру.
Бисенғали Ғизатов Батыс Қазақстан облысы Жаңыбек ауданы, Жаңыбек ауылында дүниеге келген. Алматы консерваториясын бітірген. 1953-1957 жж. Алматы музыкалық училищесінде, 1957-1963 жж.«Жазушы» баспасында музыкалық редактор болып жұмыс істеді. 1966-1991 жж. әдебиет және өнер институтының музыка бөлімінің кіші, кейінненаға ғылыми қызметкері болды.
Бисенғали Ғизатов қазақ өнеріндегі алғашқы ұлттық оркестрдің пайда болуы мен көркемдік қалыптасуын зерттеп, оның дирижерлері мен композиторларының шығармашылық сипаттамаларын жасаған. Б. Ғизатов жалпы білім беретін қазақ мектептерінің бастауыш сыныптарында балаларды эстетикалық тәрбиелеу мәселелерін зерттеуге көп еңбек сіңірді. Оның жазған оқулықтары бірнеше рет қайта басылып шыққан.
Көрмеде Б. Ғизатовтың өмірі мен шығармашылығы туралы материалдар жинақталған: «Қазақстан мәдениеті» энциклопедиясы,Т. Қоңыратбай «Музыка өнері» т. 3, Б. Аманов «Қазақ дәстүрлі музыкасы және ХХ ғасыр», М. Ахметов «Қазақ ән мәдениетінің дәстүрлері», сондай-ақ, Б. Ғизатовтың өзі жүргізген зерттеулер: «Домбыра үйрену мектебі» (1950), «Құрманғазы атындағы Қазақ оркестрі» (1955); «Мектептегі ән-музыка сабағы» (1962), «Латиф Хамиди» (1966), «Академик Ахмет Жұбанов» (1971), «Қазақстандағы музыкалық білім» (1975), «Күйден симфонияға дейін» (1976), «Қазақша музыкалық-терминологиялық сөздік» (1981), «Домбыра үйрену мектебі» (1983), «Қазақ музыкасы бойынша хрестоматия 1-3 класстар» (1984), «Қазақ оркестрі. Құрманғазы» (1994) және т.б.
Кітап көрмесінде ҚР Ұлттық кітапхана қорынан 100-ден астам басылым ұсынылған.