2025 жылғы 23 сәуірде «Ұлттық кітап күні - Ұлттық кітапханада» ауқымды мереке аясында Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының «Әдебиет академиясы» залында республикалық «Қазақстан әйелдері» журналының 100 жылдығына арналған «Әйел теңдігі» атты іс-шара ұйымдастырылды.
«Қазақстан әйелдері» қоғамдық-саяси, әдеби-көркем журналы әйелдер аудиториясына бағытталған. Басылым 1925 жылдан бастап жарық көрген және республикадағы ең көне қазақ тіліндегі журналдардың бірі.
«Қазақстан әйелдері» журналы «Азат әйел» және «Теңдік» газеттерінің негізінде құрылды. 1926 жылдың қаңтар айынан бастап журнал «Әйел теңдігі» атауымен шықты. 1935-1941 жж. және 1950-1954 жж. – «Сталин жолы», ал 1955 жылғы қаңтардан бастап «Қазақстан әйелдері» атауымен шығып келеді.
1988 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін журналдың Бас редакторы Алтыншаш Қайыржанқызы Жағанова.
Шараның модераторы журналист, белгілі Қазақ радиосының жүргізушісі Гүлмира Нәлібай болды.Кездесуде гендерлік теңдік, әйелдер құқықтары, олардың қоғамдық өмірдегі рөлі мен басқа да өзекті мәселелер талқыланды.
Залда газеттің тарихы мен бүгініне арналған бейнеслайд және журналдың бас редакторы Алтыншаш Жағанованың жолдауы көрсетілді.
Сөз сөйлегендер: «Қазақстан әйелдері» журналының ардагер қызметкерлері Жанғаным Нұркина, Жұмагүл Солтиева, Мақсат Дүйісмағамбетов, Александр Сәдуақасов, Асылхан Әбдірайымұлы; әншілер: Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Сұлушаш Нұрмағамбетова, Сәуле Жанпейісова, Ардақ Исатаева және журналдың бас редакторының орынбасары Мара Келес.
![]() |
![]() |
![]() |