«Қазақстан кітаптары» қызметінің Ораз Жандосов атындағы оқу залында Қазақстанның тұңғыш астанасы - Қызылорда қаласының 100 жылдығына арналған «Сыр өңірі - Алты Алаштың рухани ордасы» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.
1925 жылы Орынборда өткен Кеңестердің Бүкілқазақстандық V съезінде Қазақ АКСР астанасын Қызылорда қаласына көшіру туралы тарихи қаулы қабылданды. Бұл қадам қазақ мемлекеттілігін нығайтудағы халықтың мәдени және ұлттық бірегейлігін қалпына келтіру кезеңінде ерекше маңызды шешім болды. Сол съезде бұрын қолданыста болған «қырғыз» атауының орнына «қазақ» деген тарихи атауды қайтару туралы шешім қабылданды.
Қызылорда астана болған 1925-1929 жылдар аралығында қалада көптеген айтулы оқиғалар орын алды. Мұнда қазақ мәдениеті мен білімінің белсенді дамуы басталды: алғашқы ұлттық мектептер, театрлар мен мерзімді басылымдар ашылып, қазіргі қазақ әдебиеті мен өнерінің негізі қаланды. Бұл кезеңде Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Сәкен Сейфуллин сынды көрнекті ғылым және мәдениет қайраткерлері Қызылордада қызмет етіп, ұлттық сананың дамуына орасан зор үлес қосты. Сонымен қатар, қала аймақтағы саяси және экономикалық өмірдің маңызды орталығына айналды. Мұнда ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіпті жаңғырту жоспарлары жасалып, қазақ халқының тұрмысын жақсартуға бағытталған бастамалар жүзеге асырылды. 1929 жылы астананың Алматыға көшірілуіне қарамастан, Қызылорда Қазақстанның бас қаласы болған кезең ел тарихында терең із қалдырды. Бүгінгі таңда Қызылорда – бай тарихы мен мәдени мұрасы бар Қазақстанның алғашқы астанасы ретінде өзінің мәртебесін сақтап қалған қала.
Көрменің мақсаты – қала тарихының қазақ мемлекеттілігін қалыптастырудағы маңыздылығын көрсету, осы тарихи кезеңде қала мен елдің дамуына үлес қосқан тұлғалардың есімдерін насихаттау, жаңа ұрпақты ұлттық мұраны зерттеуге және сақтауға ынталандыру.
Кітап көрмесі екі бөлімнен тұрады. «Тарихи таңдау: Қызылорданың астана атануы» атты бірінші бөлім Қызылорда қаласының Қазақстанның тұңғыш астанасы ретінде қалыптасу тарихына, 1925-1929 жылдардағы маңызды оқиғаларға арналған. Сондай-ақ, мемлекеттілікті нығайтуда шешуші рөл атқарған шешімдер мен олардың тарихи маңызын көрсетеді: «Қазақстанның 70 тарихи орны»; «Қазақстанның тарихи-танымдық географиясы»; «Сыр елі Қызылорда облысы: Энциклопедия»; А.Х. Айдосов, Ы. Қалиев, М.Қ. Кереев «Қызылорда», Б. Кәрібозұлы «Қызылорда»; «Алаш көсемсөзі»; «Қызылорда облысы»; «Отан тарихы және мәдени мұралардың өзекті мәселері» және т.б.
«Мәдениет пен өркендеудің алтын дәуірі» атты екінші бөлімінде Қызылорда қаласының астана болған жылдарындағы мәдениет, өнер және білім саласының дамуы ұсынылған. Қазақ театрының құрылуына, ұлттық бірегейлікті сақтауға бағытталған алғашқы ұлттық басылымдар мен күш-жігерге ерекше назар аударылады: «Қазақ өнерінің тарихы»; Т.Каратаева «Сыр-Арал этнографиясы»; Б. Ахметбек «Сыр ескерткіштері»; С. Сарқұлова «ХХ ғ. басындағы қазақ кітаптары: идеялар тарихы мен тағдыры»; «Қорқыт Ата кітабы»; Б. Құндақбаев «Мұхтар Әуезов және театр»; Қ. Жалмағамбетов «Ақмешіт».
Кітап көрмесіне шақырамыз!